83,5 млн теңге: Астанада дрондарды жалға алу бағасы күмән тудырды

Самал Асқар 27 ақп. 2026 18:20

Астанада Ішкі істер органдары жыл соңына дейін 10 дрон аппаратын жалға алуға 83,5 млн теңге бөлген, деп хабарлайды Dala news.

Бір дронға шаққанда шамамен 8,35 млн теңге шығады. Бұл сома қоғамда бағаның негізділігіне қатысты сұрақ туғызды.

Сатып алу құжаттарына сәйкес, әңгіме техниканы бір жылға жалға алу туралы болып отыр. Ашық нарықтағы ұсыныстарды салыстырғанда, сипаттамалары ұқсас DJI Matrice 4T моделінің бір данасы Қазақстанда шамамен 3,25 млн теңге тұрады. Яғни сатып алу құны жалға алу бағасынан айтарлықтай төмен.

Әрине, жалға алу қызметіне тек дронның өзі емес, оператор қызметі, техникалық қызмет көрсету, сақтандыру, бағдарламалық қамту және өзге де сервистік шығындар кіруі мүмкін. Алайда соған қарамастан, бір бірлікке бөлінген қаржы сатып алу құнынан екі еседен астам жоғары болуы сарапшылар арасында күмән тудырады.

Бір қызығы, алғашқы жарияланған конкурсқа ешбір өтінім түспеген. Оның себебі белгісіз.

Сатып алу талаптарының өзі формалды түрде заң талаптарына сай көрінеді. Дегенмен баға мәселесі ашық талқылауды қажет етеді.

Егер дрон техникасын, сервистік қызмет нарығын немесе мемлекеттік сатып алу саласын жетік білетін мамандар болса, редакция пікір білдіруге дайын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove