73 жастағы ана: «Жылдар бойғы арманымыз орындалды». Талдықорғанда 147 отбасы қоныс тойын тойлады

Dalanews 10 қаз. 2020 09:40 1032

Жетісудың бас шаһары, Талдықорған қаласының төл мерекесі, қала күні аталып өтілді. Жылдағыдай дүйім жұртпен бірге дүбірлетіп өтпесе де тұрғындар үшін ерекше күнде игі істердің томағасы сыпырылды.   

Алматы облыс әкімінің орынбасары Рустам Али мен қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов  алғаш болып жаңадан бой көтерген «Береке» тұрғын үй алабына барды. Онда 71 отбасына  үйдің кілтін табыс етті.  Талай жылдан бері үй кезегінде тұрған жандар осылайша  құтты шаңырақтың иесі атанды.

Көптен күткен қуаныш әлеуметтік аз қамтылған топтардың өкілдеріне, аз қамтылған отбасылар мен көп балалы және жалғыз басты аналарға бұйырды.

Қоныс тойын тойлаушылардың қатарында 73 жасқа толған кейуана Әлекеева Рабиға да бар. Кейуана үшін бүгін қос қуаныш қатар келді. Өйткені Рабиға апа кезекті мүшеліне аяқ басып отыр. 11 баланы тәрбиелеп өсірген алтын құрасақты ана, 40 шақты немере, 10 шақты шөберенің асыл әжесі. Бір уәлеттің қара нарына айналған жанның мемлекет билігіне айтар алғысы шексіз.

– Жылдар бойғы арманымыз орындалды. Халықтың жағдайын жасап жатқан ел билігіне рақмет. Алматы облысы әкімі Амандық Баталовқа аналық алғысымды білдіремін. Біз сияқты самайына ақ түскен қариясын құрметтеген елімнен айналдым, – деп жүрек жарды сөздерін арнады.


Баспана кілтін табыстау рәсімі ары қарай «Көктем» шағын ауданында жалғасын тапты. Тұрғын үй құрлыс жинақ банкінің салымшылары аталған аудандағы  № 8 үйге қоныстанды. 60 пәтерден тұратын көпқабатты тұрғын үйдің аумағы 5,1 мың шаршы метрді алып жатыр.  Елдің панасына айналған пәтердің құрылысына  500,8 млн. теңге қаржы жаратылған.  Бас мердігер «СурМАК» ЖШС болып табылады.

Қала күні шеңберінде ел денсаулығының сақшылары, медицина мамандары да назардан тыс қалмады.  Аталған саланың 16 қызметкері де су жаңа үйге қол жеткізген жайы бар. Ғалымжан Райылұлы ақ халатты абзал жандарға кілтті «Салтанат сарайында» өткен жиында табыстады. Сонымен жалпы саны 147 отбасы мерке аясында үйлі болды.

Алматы облысында халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлінген.

Бұл мақсатқа шамамен 40 миллиард теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен – 22,9 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен – 17 миллиард теңге қарастырылған.

Жалпы, ағымдағы жылы Мемлекеттік бағдарламалар аясында 3 мыңға жуық кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда.

– Біздің әлеуметтік саясатымыздың басты бағытын жалғастыра отырып, тұрғын үй мәселесін шешу жолында медицина қызметкерлеріне арнап ағымдағы жылы 127 пәтер сатып алынды, жыл соңына дейін Талдықорғанда тағы 64 медицина қызметкері тұрғын үй алады. Ал келесі жылы арнайы дәрігерлер үшін Талдықорған қаласында 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жоспарланған, – деді  қала әкімі өз сөзінде.

Айта кету керек, бұл күні тек қоныс тойы ғана тойланып қоймай 5 бірдей азамат «Талдықорған қаласының Құрметті азаматы» атағын иемденді.


Атап айтсақ, Алматы облысы және Қазақстан Республикасының  спорт саласында Еңбегі сіңген азамат Рахымбек Төлендінов,   Талдықорған драма театры әртісі Мәкен Нұрмұхамбетова,  Талдықорған обаға қарсы күрес станциясы директорының орынбасары Валерий Сапожников, зейнеткер Хабдулла Ибрайымханов пен "JLC сүт" жауапкершілігі шектеулі кәсіпорнының директоры Ольга Богданова «Талдықорған қаласының Құрметті азаматы» атанды.



 Анар САБЫРОВА, Алматы облысы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар