Ішкі істер министрлігі "Жол жүрісі туралы" заңдағы өзгерістерге түсініктеме берді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жүргізушілердің медициналық тексерістен өтуіне қандай өзгерістер енгізілді?
"Жүргізушілердің медициналық тексерістен өтуі жаңа талап емес. Бұл норма 2014 жылдан бері "Жол жүрісі туралы" заңда көрсетілген. Қазір Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелері өзара біріктірілді. Соның арқасында міндетті медициналық тексерістен өткені туралы мәлімет екі министрліктің жүйелері арасында автоматты түрде беріледі", - деді ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Құралай Карина.
65 жастан асқан жүргізушілер нені білуі керек?
"65 жастан асқан және мүгедектігі бар жүргізушілерге тек әр екі жыл сайын медициналық тексерістен өтсе жеткілікті. Оның нәтижесі автоматты түрде жүйеге түседі. Сондықтан ешқандай қосымша анықтама жинаудың немесе мемлекеттік органдарға барып жүрудің қажеті жоқ. Сондай-ақ, жүргізуші куәлігінің мерзімін ұзарту немесе бұл туралы ІІМ-ге жеке хабарлау талап етілмейді. Азаматтарға алаңдауға еш негіз жоқ. Ешқандай жаңа талап немесе артық құжат рәсімдеу шарасы енгізілген жоқ. Барлығы бұрынғыдан да ыңғайлы және қарапайым түрде", - деді ол.
ІІМ өкілі блогерлер мен ақпараттық парақша иелеріне жалған ақпарат таратқаны үшін заңда жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.
"Ақпаратты таратпас бұрын оның дұрыстығына көз жеткізуді сұраймыз. Себебі жалған мәлімет халықты шатастыруы мүмкін. Сондықтан тек мемлекеттік органдардың ресми ақпаратына сенуге кеңес береміз", - деді полиция полковнигі.