60-63 жастағылар орынды босатпаса, жастарға жұмыс қайдан болсын! – Дана Нұржігіт

Dalanews 09 мау. 2022 08:07 1289

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дана Нұржігіт әйелдердің зейнетке шығу жасын 58 жасқа дейін төмендетуді ұсынды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ол Премьер-Министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында 2015 жылы әйелдердің зейнеткерлік жасын ұлғайту туралы шешім Қазақстанда 71 жасты құрайтын орташа өмір сүру ұзақтығын ескере отырып қабылданғанын еске салды.

2021 жылы бұл көрсеткіш 70 жасқа дейін төмендеді. Сонымен қатар, 2020 жылы пандемияға байланысты елімізде өлім-жітім 22%-ға өсті.

Дана Нұржігіт осыған байланысты БҰҰ болжамдарына негізделген 2015 жылғы зейнетақы реформасы 2022 жылы Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы әйелдер үшін 78 жасты және ерлер үшін 70 жасты құрайды деп есептейді.

Дана Нұржігітованың пікірінше, әйелдерге белгіленген зейнетақы жасы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейіне де әсер етеді.

– Бүгінгі зейнетақы заңына сәйкес азаматтар жұмыс орындарын босатпай, 60-63 жасқа дейін отыра беретін болса, артынан келе жатқан жаңа буынға  жұмыс жоқ деген сөз.


Соңғы кездері Үкіметтің зейнетақы саласына назар аударып, ауыр мамандық иелерінің зейнетке шығу жасын қайта қарауды қолға алып жатқанын білеміз.

Осыған байланысты, азаматтардың сенаторларға жолдаған көптеген өтініштерін ескере отырып, әйелдердің 58 жасында зейнетке шығу жасын белгілеуді, ал еңбегін одан әрі жалғастыру мәселесін өз еркіне қалдыруды ұсынамыз, – деді Дана Нұржігіт.

Сенатордың айтқан деректер бойынша, қазір Қазақстанда 453,1 мыңға жуық жұмыссыз бар. Оның ішінде 15-28 жас аралығындағы 9 262 адам жұмыс іздеп жүр және оларға жыл сайынғы жоғары оқу орындарының түлектері қосылады. Олар да әрдайым уақытылы жұмыс таба алмайды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар