«5000 теңгеден 400 мың табыс»: редакция Telegram-дағы күмәнді арнаны анықтады

Самал Асқар 21 сәу. 2026 16:41

Қазақстанда Telegram арқылы «оңай ақша табу» ұсынатын арналар көбейіп барады. Dala News редакциясы осындай ұсыныстардың бірін тексеріп көрді.

Біз «Фариза ТАБЫС ТАБУ» атты Telegram-арнаға жазылып, ондағы ұсынылған схеманың қалай жұмыс істейтінін тәжірибе жүзінде бақыладық. Арнада қолданушыларға аз қаражат салып, қысқа уақытта бірнеше есе көбейтіп алуға болатыны айтылған.

Өзін Фариза деп таныстырған аккаунт бізге жеке хат жазып, табыс табу жолын түсіндірді. Оның айтуынша, схема өте қарапайым: алдымен белгілі бір соманы (мысалы, 5000 теңге) жіберу қажет, кейін ол ақша «казино немесе криптовалюта арқылы арнайы тәсілмен көбейтіледі».

«3) 5000 теңгемен 20 минут ойнап 360-400 мың көтеремін (казинода 100% ұтуға болатын арнайы схемалармен)», – делінген хабарламалардың бірінде.

Сондай-ақ, қолданушыға «100% гарантия» берілетіні бірнеше рет қайталанады. Ақша аударылған соң чек жіберу талап етіледі, ал кейін «дайын болғанда» ірі сома қайтарылады деген уәде беріледі.

Редакция бұл ұсыныстың қаншалықты шынайы екенін тексеру мақсатында диалогты жалғастырды. Алайда схемаға қатысты нақты дәлелдер, лицензия, келісімшарт немесе қандай да бір ресми құжат ұсынылмады. Барлық сенім тек уәде мен сөзге негізделген.

Арнада «клиенттердің алғыстары» мен түрлі скриншоттар жарияланғанымен, олардың шынайылығын растау мүмкін емес. Сонымен қатар, хабарламаларда діни тіркестер жиі қолданылып, бұл арқылы аудиторияның сенімін арттыруға тырысатыны байқалады.

Мұндай тәсілдер қаржылық алаяқтыққа тән белгілердің бірі саналады. Сарапшылардың айтуынша, «100 пайыз кепілдік», «қысқа уақытта үлкен табыс» және «арнайы схема» деген уәделер көбіне жалған болады.

Редакция жүргізген тәжірибе нәтижесінде ұсынылған жүйенің қауіпсіздігі мен заңдылығына қатысты нақты айғақтар анықталған жоқ. Ақшаны бейтаныс тұлғалардың жеке есепшоттарына аудару тәуекелі жоғары.

Қазақстан заңнамасына сәйкес, мұндай әрекеттер алаяқтық ретінде бағалануы мүмкін.

Редакция оқырмандарға күмәнді қаржылық ұсыныстарға сақ болуды және қаражатты тек ресми, тексерілген платформалар арқылы ғана аударуды ескертеді.

Редакция бұл дерекке қатысты құзырлы органдарға ресми сауал жолдады. Жауап алынғаннан кейін қосымша ақпарат жарияланатын болады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove