Қазақстандық стрит-арт суретші Паша Кас Қырғызстандағы биіктігі 4446 метр болатын Путин шыңына жалғыз көтеріліп, соғысқа қарсы пикет өткізді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Суретшінің айтуынша, акция 30 тамызда, Қырғызстанда Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтіп жатқан тұста ұйымдастырылған. Ол әлем көшбасшылары бейбітшілік туралы пікір алмасып, естелік суретке түсіп жатқанымен, соғыс пен бейбіт тұрғындардың қазасы әлі де жалғасып жатқанын атап өтті.
"Бұл жазбаны ол оқымайды. Менен кейін мұнда келіп, қолтаңбасын қалдыратын адам да соғысты тоқтата алмас. Бірақ шындықты, оны жылдар бойы ешкім оқымаса да, бәрібір жазып қалдыру керек", - деді Паша Кас.
Суретші үндеуін "Соғысыңды тоқтат" деген сөздермен аяқтаған.
Айта кетейік, Паша Кас – туындылары арқылы қоғамдағы әлеуметтік және экологиялық мәселелерге назар аударып жүрген қазақстандық стрит-арт суретші.