400 млн теңгенің өнімі жойылды: Ақтөбе облысының шаруалары киікті атуға рұқсат сұрады

Қаракөз Амантай 24 қыр. 2025 11:58

Ақтөбе облысының диқандары киіктің қаптауынан жүздеген миллион теңге шығынға ұшырағанын айтып дабыл қақты. Олар Экология министрлігінен жануарлардың санын реттеу үшін атуға рұқсат беруді талап етуде, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Құмқұдық" ЖШС директоры Александр Чемодановтың айтуынша, Әйтекеби ауданындағы шаруашылығы бидай мен күнбағыстың тұқымынан айырылып, жалпы шығын көлемі 400 млн теңгеден асқан. Оның сөзінше, жаз бойы шаруалар егінді қорғап, жануарларды қууға тырысқанымен, шығынды тоқтату мүмкін болмаған.

Ауыл азаматтары жағдайдың ушығуы өңірдегі ауыл шаруашылығының болашағына қауіп төндіріп отырғанын айтады. Әсіресе 500-3000 гектар жері бар ұсақ шаруашылықтар үшін шығын өте ауыр. Олар тек егіннен емес, мал азығына арналған шөп қорынан да айырылған. Мұндай жағдай шағын фермерлер үшін банкротқа пара-пар.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы Айтекеби ауданында шамамен 12 мың гектар егістікті киіктер таптап кеткенін растады. Басқарма өкілі Нұрбек Райымбаевтың айтуынша, жануарларды қуу үшін арнайы топтар жіберілген, алайда шығынды өтеу заңда қарастырылмаған.

Жануарлар дүниесін қорғау инспекциясы да өз ұстанымын білдіріп, өңірде киіктердің саны азайып кеткендіктен атуға рұқсат берілмейтінін түсіндірді. Сондай-ақ ет комбинатының шалғайлығына байланысты киік етін өңдеу де қиындық тудырып отырғанын айтты.

Дегенмен фермерлер жануарлардың санын реттеуді қажет деп санайды. Олар мемлекет тиісті рұқсат берсе, өз қаражатына ет өңдейтін зауыт салуға дайын екендерін жеткізді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар