400 млн теңге жымқырған мектеп есепшісі қалай әрекет еткені анықталды

Сағыныш Сардарова 18 нау. 2024 09:39 1907

Ақтөбеде ірі көлемде ақша жымқырғаны үшін сотталған бухгалтер жұмыс істеген мектепте 8 жылға жуық уақыт ішінде мемлекеттік аудит бірде-бір жоспарлы тексеріс жүргізбегені анықталды, - деп хабарлайды Dalanews.kz "Диапазон" басылымына сілтеп.

Бұл қылмыстық іс қоғамда резонанс тудырды. Сонымен қатар, көпшілікті оның бірнеше жыл бойы қылмыстық істермен жалғыз айналысқаны таңғалдырды.

Сот отырысы барысында судья Әлиева бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде ұрлауға әкеп соқтырған себептерді анықтады. 2019-2023 жылдар аралығында №55 мектепте бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану тұрғысынан бірде-бір мемлекеттік аудит жүргізілмегені белгілі болды. Сондай-ақ, 8 жылға жуық уақыт ішінде мемлекеттік аудит бұл оқу орнында бірде-бір жоспарлы тексеріс жүргізбеген.

Сот Қаржы министрлігіне мұндай жағдайлар қайталанбауы үшін шаралар қабылдауды талап етіп, жеке қаулы шығарды.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде №55 мектеп гимназиясының бас бухгалтері сотталған еді. 

Ол аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды. Жауапты тұлға 8 жыл бойы өзінің банк шотына жалақы ретінде заңсыз аударымдар жасаған, нәтижесінде мемлекетке 413,8 миллион теңге сомасында залал келтірген.

Тек бір жыл ішінде ол өзіне 200 миллион теңгеден аса қаражат аударған, бұл - бүкіл мектептің жылдық еңбекақы қорының 30 пайызы. 

Сот үкімімен оған 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, сондай-ақ, 10 жыл мерзімге материалдық жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар