"Теңізшевройл" компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі бас менеджері Рзабек Артығалиев кәсіпорындағы әзір ахуал туралы айтып берді деп хабарлайды Dalanews.kz.
Журналистер сауалына жауап берген компания өкілі карантин кезіндегі сақтық шараларына егжей-тегжейлі тоқталды.
"Кәсіпорын басшылығы санитарлы-эпидемиологиялық талаптарға ерекше мән береді. Қорғаныс ережесін сақтамаған мердігер компаниялармен арадағы келісімшартты үзуге тура келеді.
Әйтсе де коронавирус инфекциясының табылғанына қарамастан жұмысты тоқтатқан жоқпыз. "Келешек кеңею", "Ұңғыма ернеуінің қысымын басқару" секілді жобаларды қауіпсіз түрде әрі мерзімінде тапсыру жұмысы жүргізілуде", – деді ол Атырау облыстық коммуникациялар қызметінде өткен кездесуде.
Оның атап өткеніндей Теңізде індеттің таралуын тежеу мақсатында бірқатар шара қабылданған. Соның бірі - жұмысшыларды жеке-жеке топтарға бөлу.
"Жұмыс тобы мүшелерінің бірі вирус жұқтырған жағдайда, басқа бір жұмыс тобы олардың орнын алмастыруға әзір болады. Бұл өз кезегінде өндірістік қызметті тоқтатпауға мүмкіндік береді", – дейді компания өкілі.
Кәсіпорын жұмысшылары медициналық маска тағуға және жеке тазалықты сақтауға міндетті.
"Осынау талаптың қатаң сақталуын мердігер компаниялардың құлағына құйдық. Ілгеріде айтқандай бұл ережеге жүрдім-бардым қараған мердігерлерге шара қолданамыз. Қажет болса тіпті келісімшартты тоқтатамыз", – дейді Рзабек Артығалиев.