Қазақстан Global Quality Infrastructure Index (GQII) 2025 жаһандық сапа инфрақұрылымы индексінде 185 елдің арасында 48-орынға ие болды. Аккредиттеу бағыты бойынша ел 32-орынға орналасты, деп хабарлайды dalanews.kz.
GQII рейтингінде мемлекеттердің ұлттық сапа инфрақұрылымы үш негізгі бағыт бойынша бағаланады. Олар – аккредиттеу, метрология және стандарттау.
Қазақстан ең жоғары көрсеткішті аккредиттеу саласында көрсетті – 32-орын. Метрология бағыты бойынша 43-орында болса, стандарттау саласында 70-орынға жайғасты.
Аккредиттеу сапа инфрақұрылымының негізгі элементтерінің бірі саналады. Ол сынақ және калибрлеу зертханалары, сертификаттау және инспекциялық органдар сияқты сәйкестікті бағалау органдарының құзыретін ресми түрде тануға мүмкіндік береді.
Тиімді аккредиттеу жүйесі сынақ, өлшеу және сертификаттау нәтижелеріне деген сенімді арттырып, олардың халықаралық деңгейде мойындалуына жағдай жасайды.
Global Quality Infrastructure Index әлем елдерінің сапа жүйелерінің даму деңгейін салыстыруға мүмкіндік береді. Индексті қалыптастыру кезінде аккредиттеу, стандарттау және метрология салаларындағы деректер талданады.
GQII мәліметінше, рейтинг сапа инфрақұрылымына жауапты ресми институттардың ашық деректері негізінде жасалады. Оған метрология, стандарттау және аккредиттеу салаларындағы халықаралық ұйымдар мен ұлттық органдардың мәліметтері кіреді.
Зерттеу нәтижелері елдердің ұлттық сапа инфрақұрылымының жағдайын бағалауға және оның халықаралық деңгейдегі дамуын салыстыруға мүмкіндік береді. Дамыған сапа инфрақұрылымы өнімдер мен қызметтерге деген сенімді арттыруға, халықаралық сауданы дамытуға және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге ықпал етеді.
Global Quality Infrastructure Index – Mesopartner ұйымының әлем елдеріндегі сапа инфрақұрылымының дамуы туралы ашық деректерді жинауға, талдауға және таратуға бағытталған халықаралық бастамасы. Жоба Германияның Ұлттық метрология институты PTB және Экономикалық ынтымақтастық және даму жөніндегі федералдық министрліктің (BMZ) ұзақ мерзімді қаржылық әрі мазмұндық қолдауымен жүзеге асырылады.
Жобаға ұлттық сапа инфрақұрылымы органдары мен халықаралық сарапшылар да қатысады. 2023 жылдан бастап GQII ЮНИДО және INetQI серіктестерімен тығыз ынтымақтастық орнатқан.