Шығыс Қазақстан облысында бұрынғы көлік прокуроры аса ірі көлемдегі алаяқтық әрекеті үшін сотқа тартылды. Ол тергеу кезінде тәркіленген құжаттарды "қайтарып беремін" деп, кәсіпкерден 30 миллион теңге сұраған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
YK-news.kz мәліметінше, оқиға биыл сәуір айында болған. Өскемен қаласындағы көлік компаниясы филиалының директоры тергеу аясында алынған құжаттардың тағдырын білу мақсатында бұрынғы прокурормен байланысқа шыққан. Сот материалдарына сүйенсек, экс-прокурор бұл іске мүлде қатысы болмаса да, "құжаттарды он күн ішінде қайтарамын" деген желеумен 30 миллион теңге талап еткен.
Кәсіпкер мен оның жүргізушісі бұл ұсынысқа күмәнданып, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне хабар берген. Нәтижесінде арнайы операция ұйымдастырылып, бұрынғы прокурор жүргізушісі арқылы 10 миллион теңге көлемінде нақты ақша мен 20 миллион теңгелік жалған купюралар муляжын алған кезде қолға түскен. Келесі күні тінту барысында бұл қаражат тәркіленді.
Өскемен қаласының №2 соты экс-прокурорды ҚР ҚК 190-бабының 4-бөлігі, 2-тармағы және 24-бабының 3-бөлігі бойынша — қызметтік жағдайын пайдалана отырып, аса ірі көлемде алаяқтық жасауға оқталу әрекеті үшін — кінәлі деп таныды. Сот үкімімен оған 3 жыл 9 ай бас бостандығынан айыру және өмір бойы мемлекеттік әрі квазимемлекеттік органдарда жұмыс істеуге тыйым салу жазасы тағайындалды.
Сотталған азамат жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі түзеу мекемесінде өтейтін болады. Ол кінәсін толық мойындап, өкініш білдіргенімен, сот шешімімен келіспей, апелляциялық шағым түсірді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.