«30 жылдан бері тілдік дискриманцияға ұшырап келеміз». Депутат қазақ тілі туралы арнайы заң қабылдау керектігін айтты

Dalanews 02 мам. 2022 13:34 955

Әлеуметтік желілерде мені Конституциядан орыс тілін алып тастауды ұсынды және оны 39 депутат қолдады деген ақпарат тарады. Негізі бұл сөздерді менің контексімнен үзіп алынғанын хабарлаймын, – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса өзінің желідегі парақшасында.

Өткен сәрсенбіде мен депутаттық сауал жасағанда қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде Конституцияда бекітілгенмен, бірақ осы уақытқа дейін Мемлекеттік тіл туралы арнайы заң жоқ! Өйткені, Конституцияда көрсетілген мемлекеттік статустың өмірде іске асуы үшін арнайы заң қабылдануы керек еді.

Сондықтан да мемлекеттік органдарға қазақ тілінде хабарласқандар сол мемлекеттік тілде жауап ала алмайтын жағдай жиі кездеседі. Өйткені, мемлекеттік қызметкерлердің көбісі қазақ тілді білмейді, тек орыс тілінде сөйлейді. Бұл жерде ұлты қазақ азаматтар тілдік дискриманцияға ұшырап келеді 30 жылдан бері.

Сондықтан мен 2012 жылы «Ақ жол» партиясының мемлекеттік тілдің қолданылуын арттыру жөнінде заң жобасын жасағанын, оны Үкімет тоқтатып тастағанын еске салдым.

Кезекті рет Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды ұсындым. Мемлекеттік тіл ретінде Конституцияда көрсетілген статус сонда ғана нақты өмірде іске асады.


Міне осы ұсынысты өзге бір топ депутаттар да  қолдап, патриоттығын көрсетті, оларға көп рахмет!

2020 жылы Қазақстан Халқы Ассамблеясында барлық этнос өкілдері Мемлекеттік тілді міндеттеу туралы заң қабылдау туралы үндеу қабылдағанын да атап айту керек.

Ал Конституциялық өзгерістерге келсек, бүгінде басты мақсат 30 жылғы ескі сірескен саяси жүйені реформалап, жаңартып  жатқан Президент бастамасына бәріміз қолдау білдіруіміз керек.

Бұл Атазаңға енер өзгерістерді халық талқысына салуы –  Жаңа дәуірді  жариялаған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тағы бір жаңа қадамы.


Енді ескі Қазақстанның таптаурын сүрлеуінен шаршаған елді Жаңа Қазақстанның жаңа қадамы – халықтың өз тағдырын өзі шешетін референдумы күтіп тұр.

Жаңа дәуірін жариялаған Қазақ Елінің, екінші республиканың Конституциясы халықтың  өз таңдауымен өмірге жолдама алмақ.

Президент ұсынған мемлекетімізді өзгертетін жалпыхалықтық референдумда бәріміз өз таңдауымызды жасай білейік.

Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасы орынбасары

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар