МЖӘ – мемлекеттік меншіктегі әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыру үшін инвестицияларды тартудың тиімді және икемді механизмі ретінде бүкіл әлемге белгілі. Дүние жүзінде МЖӘ арқылы сумен жабдықтау саласын жүзеге асырудың негізгі үш үлгісі бар.
Бірінші үлгі мемлекет иелігінде болатын мемлекеттік сумен жабдықтау компаниясын акционерлеу. Мұндай акционерлік компания коммерциялық қызығушылықты көздейтін сумен жабдықтайтын компания мен мемлекеттік кәсіпорын арасындағы ымыра. Мұндай үлгі «голландық» деген атпен белгілі.
Екінші үлгі басқару функциясын жеке компанияға беруді көздейтін «француздық» үлгі. Кәсіпкер сумен жабдықтайтын коммуналдық кәсіпорынға қызмет көрсетеді.
Үшінші үлгі - «британдық», бұл жағдайда сумен жабдықтайтын компания толығымен жеке меншік иелігіне өтеді. Коммуналдық кәсіпорынның өздері жеке акционерлік қоғам болады. Ел арасында «жекешелендіру» деген атаумен танымал.
Әлемде бизнестің қажеттіліктеріне мейлінше сәйкес болу үшін әртүрлі үлгілерді араластырып тиімді етіп қалыптастыруға болады. Мысалы, белгілі бір халық санаты үшін қызмет көрсетуге қолайлы шағын кәсіпорындар жекешелендіруге қатыса алады. Алайда МЖӘ таңдалған тәсілінен тәуелсіз көрсетілетін қызмет сапасы реттелуі қажет.
Елімізде 2015 жылы қабылданған «МЖӘ туралы» заң аясында сумен жабдықтау мен су тарту қызметтерінің қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін ресурстарды біріктіру арқылы мемлекет пен жеке бизнес арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты қалыптастыруға болады.
Өзіміздің жобаларымызды МЖӘ механизмі арқылы жүзеге асыруда жоғарыда сипатталған үлгілердің біреуін немесе әртүрлі үлгілерді араластырып ең тиімдісін алуымызға болады.
Менің ойымша «француздық» үлгі ең тиімді деп санаймын, себебі жеке тұлға өз тарапынан сумен жабдықтайтын коммуналдық кәсіпорынға қызмет етеді. Жобаларды концессиялық келісім-шарт, сервистік келісім-шарт, мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару келісім-шарты және МЖӘ белгілеріне сәйкес келетін өзге де келісім-шарттар жасасу арқылы іске асыруға болады.
2050 жылға дейін еліміздегі ауыл-аймақтың 80%-ы ауыз сумен толықтай қамтамасыз етілуі тиіс.
Тағанова Гүлдана,
мемлекеттік жеке меншік әріптестік
орталығының сарапшысы