2040 жылға дейін 144 ұшақ сатып алуды жоспарлап отырмыз - көлік министрі

Сағыныш Сардарова 24 сәу. 2026 12:42

Қазақстанға алдағы жылдары 144 ұшақ жеткізіледі. Бұл туралы Сенаттағы парламенттік тыңдауда көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Министрдің айтуынша, ведомство Халықаралық азаматтық авиация ұйымымен (ICAO) бірлесіп, 2050 жылға дейінгі мастер жоспар әзірлеп жатыр. Құжатты жыл соңына дейін қабылдау көзделген.

Нұрлан Сауранбаев транзиттік рейстер саны тұрақты өсіп келе жатқанын атап өтті. Кейінгі бес жылда бұл көрсеткіш төрт есе артқан. 

2025 жылы әуе қозғалысын басқару жүйесін жаңғырту үшін америкалық Leidos компаниясымен келісімшарт жасалған. Алдағы бес жылда аэронавигация инфрақұрылымы толық жаңартылып, бұл Қазақстанның әуе дәліздерінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Министр әлемдік авиация саласындағы басты мәселелердің бірі ұшақ тапшылығы екенін айтты. Жаңа әуе кемелерін алу үшін ұзақ күтуге тура келеді. Мысалы, бүгін Boeing компаниясымен келісімшарт жасалса, ұшақты жеткізу 8-10 жылға созылуы мүмкін.

Соған қарамастан, қазақстандық әуе тасымалдаушылар өндірушілермен тікелей жұмыс жүргізіп жатыр. Жыл соңына дейін әуе паркі тағы 6 ұшақпен толықпақ. Ал 2040 жылға дейін жалпы саны 144 әуе кемесін жеткізу жоспарланған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove