АҚШ президенті Дональд Трамп өз орнын басуы мүмкін үміткерге қатысты жақын айналасымен кеңесіп жүр. Ол таңдауды вице-президент Джей Ди Вэнс пен мемлекеттік хатшы Марко Рубио арасында жасап отыр. Бұл туралы Axios порталы мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Басылымның жазуынша, Трамп саясаткерлер тандемі жайлы жиі ой қозғап, кеңесшілерінен болашақта кімді алдыңғы қатарға қою керектігін сұрап жүр.
«Президенттің 2028 жылға қатысты арманы – Вэнс – Рубио тандемі, және бұл жерде басты рөл Вэнске тиесілі. <...> Бірақ Рубио – Вэнс тандемі Трампты қанағаттандыра ма? Әрине», – дейді Трамптың болашақта Республикалық партияның көшбасшысы кім болуы мүмкін екенін сұраған кеңесшілерінің бірі.
Axios дерегінше, Вэнстің 2028 жылғы президенттік сайлауға түсуі мүмкін науқанына негіз болатын саяси кеңесшілер тобы бар. Ал Рубиода мұндай дайын инфрақұрылым әзірге жоқ. Соған қарамастан, ол Вэнстің кандидатурасын қолдауға дайын екенін айтқан.
«Егер Джей Ди Вэнс президенттікке үміткер болса, ол біздің кандидатымыз болады. Мен оны алғашқылардың бірі болып қолдаймын», – деген Рубио 2025 жылғы сұхбатында.
Сонымен қатар, Трамптың кеңесшілері президенттің мұрагерін толық айқындауға асықпайтынын айтады. Себебі бұл команда жұмысына кедергі жасауы мүмкін және Трамптың өзі биліктен айырылып жатқандай әсер қалдырғысы келмейді.
Қаңтар айының соңында Трамп Республикалық партияда 2028 жылғы президент сайлауына түсе алатын әрі оның саясатын жалғастыратын бірнеше үміткер бар екенін мәлімдеген. Ол олардың қатарында Вэнс, Рубио және АҚШ қаржы министрі Скотт Бесент бар екенін атап өткен.
