2026 жылы кәсіпкерлер жиі жіберетін салық қателіктері: бизнес неден ақша жоғалтып жатыр?

2026 жылы кәсіпкерлер жиі жіберетін салық қателіктері: бизнес неден ақша жоғалтып жатыр?
ЖИ: Dalanews.kz

Қазақстанда 2,18 млн шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді, олардың 71%-дан астамы – жеке кәсіпкерлер. Бұрын шағын бизнестегі кейбір заңбұзушылықтар байқалмай қалуы мүмкін болса, қазір салық жүйесі операциялардың басым бөлігін іс жүзінде нақты уақыт режимінде көріп отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Банк операциялары, электронды шот-фактуралар, онлайн-кассалар және контрагенттер туралы мәліметтер автоматты түрде салыстырылады. Сондықтан көптеген заңбұзушылық бастапқы кезеңде-ақ анықталады.

Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер әрі салық кеңесшісі Раушан Тасшоинова өзінің Telegram-арнасында жазғандай, жеке кәсіпкерлер арасындағы ең кең тараған мәселелердің бірі – «әдетпен жұмыс істеу».

«2026 жылы Салық кодексіне енгізілген өзгерістерден кейін бизнес күнделікті жұмыста қымбатқа түсетін қателіктерге жиі тап болып жатыр», – дейді Тасшоинова.

Оның айтуынша, бизнес көбіне қарапайым қателіктерден шығынға батады: салық режимін қайта қарамаған, ҚҚС мәселесін өткізіп алған, жеке тұлғаларға төлемдерді дұрыс рәсімдемеген, мәмілеге қатысты құжаттарды жинамаған немесе есепті кеш тапсырған.

Қосымша тәуекелге жеке және кәсіпкерлік операцияларды араластыру да себеп болады.

«Бизнес операциялары үшін жеке карталарды пайдалану, есепке алынбаған аударымдар және онлайн-кассадағы мәліметтер мен нақты түсім арасындағы айырмашылықтар салық органдары тарапынан сұрақтардың туындауына жиі негіз болып отыр», – деп түсіндіреді сарапшы.

Тағы бір кең тараған қателік ҚҚС-пен байланысты. 2026 жылдан бастап міндетті тіркеу шегі 10 000 АЕК болып белгіленді – бұл шамамен 43,2 млн теңге. Егер компания осы шектен асып кетіп, уақытында ҚҚС төлеуші ретінде тіркелмесе, оған 50 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Сонымен қатар тіркеусіз жүргізілген айналымның 15%-ы көлемінде қосымша салық есептелуі мүмкін.

«Қазір бастапқы құжаттардың өзі жеткіліксіз. Салық органдары жеткізушінің жұмысты немесе қызметті шын мәнінде орындай алған-алмағанын, оның қызметкерлері, қажетті ресурстары болған-болмағанын және міндеттемелердің орындалғанын да бағалайды», – дейді Тасшоинова.

2026 жылғы ең маңызды өзгерістердің бірі жеңілдетілген декларациямен жұмыс істейтін жеткізушілерден сатып алуға қатысты болды. Енді жалпыға бірдей салық режиміндегі компаниялар мұндай жеткізушілерден алынған тауарлар, жұмыстар мен қызметтер бойынша салықтық шегерім жасау құқығынан айырылады.

«Бұл бизнес үшін айыппұлсыз және тексерусіз-ақ тікелей қаржылық шығынға әкеледі. Мысалы, жалпыға бірдей режимдегі ЖШС жеңілдетілген режимдегі жеткізушіден 10 млн теңгеге қызмет сатып алса, корпоративтік табыс салығы бойынша қосымша жүктеме 20% мөлшерлемемен шамамен 2 млн теңгені құрауы мүмкін», – деп қосты салық кеңесшісі.

Сарапшы шетелдік контрагенттермен жұмыс істеу кезіндегі жиі кездесетін қателіктерге де назар аударды.

Көптеген компания маркетингке, жазылымдарға және бейрезиденттердің қызметтеріне төлем жасауға формалды қарайды. Алайда мұндай жағдайда салықтық салдарды келісімшарт жасалған кезеңде-ақ бағалау қажет.

«Салық жүйесі әлдеқайда цифрланып, кез келген сәйкессіздікке өте сезімтал болды.  Кәсіпкерлер үшін салық режимін, есеп айырысу құрылымын және контрагенттермен жұмысты тұрақты түрде қайта қарап отыру маңызды. Көп жағдайда тәуекелдерді алдын ала тексеру кейін қосымша салық есептеулерімен, шот бұғаттаумен және айыппұлдармен бетпе-бет келгеннен әлдеқайда арзанға түседі», – деп қорытындылады сарапшы.