Мәжілістің жалпы отырысында Мұрат Ергешбаевтың депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесі қаралды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ергешбаев Қызылорда облысының әкімі қызметіне тағайындалғандықтан, оның Мәжіліс депутаты ретіндегі өкілеттігі тоқтатылды. Ол бұл қызметке 2026 жылғы 8 мамырда Мемлекет басшысының жарлығымен тағайындалған.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутаттың палатадағы белсенді жұмысына алғыс айтып, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.
"Біз алғашқы күндерден бастап тығыз жұмыс істедік. Барлық депутаттың атынан мәжілістегі белсенді жұмысы үшін алғысымды білдіремін. Өткен аптада ол Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалды, бұл өте жауапты қызмет. Біз оған жемісті жұмыс тілейміз", – деді мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.
Еске салайық, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мұрат Ергешбаевты Қызылорда облысының әкімі етіп тағайындау туралы жарлыққа қол қойған еді.