2026 жылы қазақстандықтар үшін жинақ сақтауға ең тиімді валюта аталды

Көркем Алдабергенова 05 қаң. 2026 16:11

2026 жыл экономика үшін оңай болайын деп тұрған жоқ. Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) болжамына сәйкес, қосылған құн салығы мен корпоративтік салықтың өсуі, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтағы тарифтердің қымбаттауы инфляцияны 11%-ға дейін жеткізуі мүмкін. Алайда сарапшылар мұны уақытша құбылыс деп бағалап отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz Inbusiness-ке сілтеме жасап.

Инфляция біртіндеп төмендейді

Сарапшылардың пікірінше, қатаңдау ақша-несие саясаты инфляцияның төмендеуіне мүмкіндік береді.
Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) мәліметінше, 2026 жылдың соңына қарай инфляция деңгейі 9,7%-ға дейін баяулауы ықтимал.

Бұл жағдай салымшылар үшін маңызды сигнал болып отыр.

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жоғары ұстайды

Инфляция қысымын тежеу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені жоғары деңгейде сақтауға мәжбүр болады. Ал жоғары мөлшерлеме - теңгедегі депозиттердің инфляциядан да, ұлттық валютаның әлсіреу қарқынынан да жоғары табыс әкелуінің кепілі.

Яғни 2026 жылы теңгедегі салымдар нақты табыс әкелетін құрал болып қала береді.

АҚШ-тағы саясат Қазақстанға қалай әсер етеді?

Қазақстанда валюта бағамы талқыланып жатқан тұста, АҚШ-та ақша-несие саясаты түбегейлі өзгеріп жатыр. АҚШ Федералды резерв жүйесі 2025 жылы базалық мөлшерлемені үш рет төмендетіп, 2026 жылы тағы екі рет азайтуды жоспарлап отыр.

Бұл дамушы елдер, соның ішінде Қазақстан үшін қолайлы жағдай қалыптастырады. АҚШ мемлекеттік облигацияларының кірістілігі төмендеген сайын, жаһандық инвесторлар жоғары табыс ұсынатын басқа нарықтарды іздей бастайды.

Инвесторлар теңгеге бет бұрды

Мұндай жағдайда инвесторлар пайыздық мөлшерлеме айырмасынан табыс табу үшін капиталын теңгеге аударады. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы дерегінше, осы үрдістің аясында Қазақстанның қор нарығы 24,4%-ға өсіп, айтарлықтай нәтиже көрсеткен.

Доллардың «жасырын шығыны»

Сарапшылар долларды жинақ құралы ретінде таңдаудың тағы бір кемшілігін атап өтеді. Айырбастау пунктінде доллар сатып алған адам бірден 3–4% қаржысынан қағылады. Бұл - айырбас бағамы мен комиссиялардан туындайтын шығын.

Яғни бүгін доллар сатып алып, кем дегенде шығынсыз шығу үшін теңге дәл осы мөлшерде құнсыздануы керек. Ал теңгедегі депозит керісінше - алғашқы күннен бастап табыс әкеле бастайды және қосымша комиссия талап етпейді.

Қорытынды

ЕАДБ, ХВҚ деректері мен АҚШ Федералды резерв жүйесінің саясатын ескере отырып, сарапшылар 2026 жылы теңге жинақ сақтаудың ең ұтымды құралы болып қала береді деген қорытындыға келіп отыр.
Ал «жастық астындағы доллар» көбіне алаңдаушылықтың символы ретінде қалып, қазіргі экономикалық жағдайда банктік депозит пен салқын есепке жол береді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар