Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бүгін Үкіметте өткен брифингте 2026 жылы Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшерін арттыру жоспарлары бар-жоғына қатысты қойылған сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Журналистер бұған дейін ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мөлшерін 90 мың теңгеге дейін арттыру туралы ой айтылып қалғанын еске салды.
"Әзірге, шынымды айтсам ЕТЖ мөлшерін арттыру туралы бізде жоспар жоқ. Бүгінгі таңда ол 85 мың теңгені құрайды және біз оны өсіруді қарастырып отырған жоқпыз", – деді Серік Жұманғарин.
Қаржы министрі Мәди Такиев бұған дейін тек есеп айырысуларға қатысты бұл ретте ықтимал жағдай туралы айтылғанын нақтылады.
"Егер барлық көрсеткіштерді алып қарайтын болсақ, онда орташа ең төменгі жалақы мөлшері шамамен 90 мың теңге болуы тиіс. Бірақ қазіргі жағдайды ескере отырып, біз оны қазіргі деңгейде қалдырғанды жөн деп шештік", – деді ол.
2025 жылғы 27 маусымда ҚР Қаржы министрі Мәди Тақиев Қазақстандағы ЕТЖ мөлшерін қайта қарастырлуы мүмкін екенін айтқан еді. Сол кезде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова бірнеше институт еңбек өнімділігі бойынша, өңірлер бөлінісінде, салалар бөлінісінде орташа жалақы бойынша нақты көрсеткіштерді қамтамасыз етуге қатысты зерттеулер жүргізіп жатқанын мәлімдеген. Олардың барлығының есебі ЕТЖ-ға сүйенеді.