2026 жылдан бастап Қазақстанда медициналық қызмет бағасы қымбаттайды

Көркем Алдабергенова 23 шіл. 2025 10:02

2026 жылдан бастап Қазақстанда бірқатар медициналық қызмет түрлерінің тарифі өседі. Денсаулық сақтау министрлігі мұны міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) туралы заңға енгізілген өзгерістермен байланыстырып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Министрлік таратқан мәліметке сәйкес, МӘМС жүйесіндегі қосымша қаражат медицинаның басым бағыттарындағы тарифтерді көтеруге, сондай-ақ онкология мен онкогематология қызметін, жедел жәрдем және алғашқы медициналық-санитарлық көмекті қаржыландыруға жұмсалмақ.

«Келесі жылдан бастап инфекциялық аурулар, кардиология, неврология, нефрология, гастроэнтерология, травматология, эндокринология, абдоминалдық хирургия бағыттары бойынша тарифтер қайта қаралады. Бұл мақсатқа қосымша 90 миллиард теңгеден астам қаражат бөлу жоспарланған», – дейді министрлік.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, бұл шешім стационарлық сектордағы 2020 жылдан бері өзгеріссіз, шығынға ұшыратып келген тарифтерді қайта жаңартуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда емделу құны соңғы екі жылда айтарлықтай қымбаттады. 2025 жылдың бірінші тоқсанында халықтың медициналық қызметке жұмсаған шығындары үштен бірге артқан болатын. Сарапшылар медициналық тарифтердің өсуін азаматтардың денсаулық сақтау саласына деген қаржылық жүктемесін ұлғайтып, қолжетімді медициналық көмектің аясын тарылтуы мүмкін деп болжап отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар