2025 жылы Қостанай облысында мүгедектігі бар азаматтарды қолдауға 17 млрд теңге бөлінді

Ақтоты Жапатова 17 шіл. 2025 17:48

2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қостанай облысында 29 407 мүгедектігі бар адам (бұдан әрі – МБА) тұрады, олардың ішінде 3 828-і – балалар. Ағымдағы жылы МБА әлеуметтік қолдауға 17 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 4,9 млрд теңге техникалық оңалту құралдарымен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз етуге, 12,1 млрд теңге – арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге бағытталды,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Мүгедектігі бар адамдарды қоғамға бейімдеудің маңызды тетіктерінің бірі – олардың оңалтылуы болып табылады.

Бүгінде барлық қызмет түрлерін мемлекеттік органдардың қатысуынсыз онлайн форматта алуға мүмкіндік беретін Әлеуметтік қызметтер порталы толыққанды жұмыс істеп тұр.

2025 жылғы 1 шілдеге дейін 15 628 қажетті көмек түрінің 10 867-сі көрсетілді, жеке оңалту бағдарламаларының орындалуы 70%-ды құрады.

Мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі де өзекті болып қала береді.

МБА жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету мақсатында жергілікті атқарушы органдар жыл сайын жұмыс орындарына арналған квота белгілейді.

Бүгінгі таңда жұмыспен қамту шараларымен 548 мүгедектігі бар адам қамтылды.

Жергілікті атқарушы органдардың маңызды міндеттерінің бірі – әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарын халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін бейімдеу болып табылады.

Ағымдағы жылы 282 нысанды бейімдеу жоспарланған.

Интерактивтік картаға енгізілген 1 906 нысанның 1 126-сы немесе 59,2%-ы (2025 жылға жоспар – 60%) МБА барлық санаты үшін толық қолжетімді, бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда және тұрақты бақылауда тұр.

Облыстың жеті өңірінде инватакси қызметі жұмысын жалғастыруда, бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 222,8 млн теңге бөлінді.

2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 516 адам, оның ішінде 166 бала инватакси қызметін пайдаланған, барлығы 18 570 өтінім орындалды.

МБА оңалтудың бір бағыты – арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету.

Жыл басынан бері 9 мыңнан астам адам арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылды.

Мүгедектігі бар азаматтардың жайлы өмір сүруі, белсенділік танытуы, өзін-өзі жүзеге асыруы мен жан-жақты дамуына жағдай жасау жұмыстары жалғасуда және жергілікті атқарушы органдардың тұрақты бақылауында тұр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар