Жамбыл облысы Қордай ауданы Қаракемер ауылында 14 жастағы оқушы Қали Қуаныш Темірбекұлы қайтыс болды. Марқұмның туыстары оның өліміне мектептегі жағдай себеп болуы мүмкін деген пікірде, деп хабарлайды dalanews.kz.
Әбіл Нүсіпбаев атындағы №14 орта мектептің 7-сыныбында оқыған Қуаныш отбасындағы алты қыздың арасындағы жалғыз ұл болған. Отбасының мәліметінше, қайғылы жағдай 25 ақпанда болған. Сол күні алгебра сабағында оқушы тақтадағы жазуды көре алмай, телефонымен суретке түсірген кезде кадрға мұғалім де түсіп қалған. Туыстарының айтуынша, мұғалім Қуаныштан өзін әдейі түсірген-түсірмегенін сұрап, бала тақтаны ғана түсіргенін айтқанына қарамастан, оған 200 мың теңге көлемінде айыппұл төлейтінін айтып, түсініктеме жаздырған.
Осыдан кейін мұғалім оқушыға әкесін шақыруды тапсырған. Қуаныш әкесін ертіп келетінін айтып, қоңырауға шамамен бір минут қалғанда мектептен шығып кеткен. Отбасының айтуынша, одан кейін оқушыны бірден іздестірілмеген.
"Бір сағаттай уақыт өткен. Кейін тағы екі-үш сабақ болған. Оның ішінде басқа мұғалімнің және директордың сабағы да болған. Бірақ ешкім Қуанышты іздемеген. Сыныптастары алаңдап, ата-анасына хабарласқысы келген, алайда оның телефонын алып қойған", - дейді марқұмның жақындары.
Кейін алгебра пәнінің мұғалімі отбасының үлкен қызына телефон шалып, Қуаныш мектептен кетіп қалғанын хабарлаған. Сол күні кешке оқушыны туыстарының бірі үй маңынан өлі тапқан.
Қайғылы жағдайдан кейін мектеп директоры, директордың орынбасары және сынып жетекшісі отбасыға көңіл айтуға барғанымен, алгебра пәнінің мұғалімі келмеген. Марқұмның отбасы 500 мың теңгеге адвокат жалдағанымен, істің алға жылжуына қатысты күткен нәтижені ала алмағанын жеткізді. Олар алгебра мұғаліміне тиісті шара қолдануды, сондай-ақ, мектеп директоры мен мұғалім арасында туыстық байланыс бар-жоғын тексеруді сұрайды.
"Малдан айырылып отырған жоқпыз, адамнан айырылып отырмыз. Ол - алты қыздың арасындағы жалғыз бауырымыз", - дейді отбасы.
Полиция департаменті бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.
"Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр", - делінген полиция хабарламасында.