200 мың теңгенің орындығын 20 млн теңгеге алған: Шымкенттегі университеттегі былық әшкере болды

Сағыныш Сардарова 19 қаң. 2026 10:01

ҚМА Шымкент қаласы бойынша департаменті М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Күдіктілер қатарында бұрынғы бірінші проректор, қаржы және әкімшілік департаменттердің директорлары, өндірістік-техникалық бөлімнің қойма меңгерушісі, сондай-ақ, мердігер ұйымдардың басшылары бар.

Күдіктілер тауарлар іс жүзінде жеткізілмеген немесе жасанды түрде қымбат сатып алынған жалған мемлекеттік сатып алу шарттарын жасасқан. Байланысы бар жеке кәсіпкерлер мен коммерциялық ұйымдардың шоттарына аударылған қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, қатысушылар арасында бөлінген.

"Осы схема аясында университет басшылығы нарықтағы құны 200 мың теңгеден аспайтын бір орындықты 20 млн теңгеге сатып алған. Күдіктілер тозған тауарлық-материалдық құндылықтарды балансынан есептен шығарып, оларды іс жүзінде пайдалануды жалғастырған. Ал есептен шығарылған мүліктің орнына келуге тиіс жаңа тауарлар мүлдем жеткізілмеген", - деп жазылған хабарламада.

Нәтижесінде мемлекетке 321 млн теңге көлемінде залал келтірілді. Тергеу барысында күдіктілер 264 млн теңгені ерікті түрде өтеді.

Сот санкциясымен олардың мүлкіне - 4 тұрғын үйге, 1 көлікке және банк шоттарындағы 40 млн теңге көлеміндегі қаражатқа тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove