18 жыл күткен баспанасынан қағылған: Павлодар тұрғыны Тоқаевтан көмек сұрады

18 жыл күткен баспанасынан қағылған: Павлодар тұрғыны Тоқаевтан көмек сұрады
Фото: видеодан скрин, Ақорда

Павлодар тұрғыны Марина Харчук 18 жылға жуық әлеуметтік баспана кезегінде тұрып, екі бөлмелі пәтер берілетіні туралы хабарлама алған. Алайда көптен күткен баспанасына қол жеткізе алмаған. Жүйе отбасының табысы белгіленген мөлшерден асып кеткенін көрсетіп, пәтер беруден бас тартқан, деп хабарлайды dalanews.kz.

27 жастағы Марина – тұл жетім. Ол әлеуметтік тұрғын үй кезегіне 2008 жылы тіркелген. Биыл 6 тамызда оған 1414 нөмірінен ауданы 81 шаршы метр болатын екі бөлмелі пәтер бөлінгені туралы SMS келген.

Қуанышты хабарды алған Марина баспананы алуға келісімін растап, қажетті рәсімдерден өткен. Алайда жүйеде «Жалғастыру» батырмасын басқаннан кейін отбасының табысы талапқа сәйкес келмейтіні туралы хабарлама шығып, өтінімі қабылданбаған.

"Мен 2008 жылдан бері, яғни 18 жылға жуық уақыт баспана кезегінде тұрмын. 6 тамызда 1414-тен маған 81 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтер берілгені туралы хабарлама келді. Мен оны растадым, қажетті рәсімдерден өттім. Бірақ ары қарай жалғастырған кезде табысымыз талапқа сәйкес келмейді деген себеппен бас тартылды", – дейді Марина.

Қазір ол тұрмыста, отбасында кішкентай қызы бар. Үш адамнан тұратын отбасының жеке баспанасы жоқ, сондықтан пәтер жалдап тұрады. Маринаның ай сайынғы табысы шамамен 300 мың теңге, жұбайы да осы көлемде жалақы алады.

Оның сөзінше, "Отбасы банкінің" мамандары ерлі-зайыптының жиынтық табысы белгіленген шектен асып кеткенін түсіндірген. Маринаға үш адамнан тұратын отбасы үшін табыс шегі шамамен 350 мың теңге екені айтылған.

"Неліктен тұрақты әрі ресми табыстың болуы баспана алуға кедергі болуы керек? Біз пәтер жалдап тұрамыз. Балабақшаға, азық-түлікке, киім-кешекке, күнделікті тұрмыстық қажеттіліктерге ақша жұмсаймыз. Оған қоса несиелік міндеттемелеріміз бар", - дейді ол.

Марина тағы бір мәселенің жауабын таппай отырғанын айтады. Егер отбасының табысы бастапқыда талапқа сәйкес келмесе, неліктен жүйе оған пәтер бөлінгені туралы хабарлама жіберген?

"Егер табысымыз талапқа сәйкес келмесе, неге маған алдымен пәтер бөлінгені туралы хабарлама келді? Неге мен оны растағаннан кейін ғана бас тартылды? Мен жетім балалар санаты бойынша кезекте тұрмын. Осы санатқа қатысты табыс қандай талаптар негізінде есептелгенін түсіндіріп беруді сұраймын",  – дейді павлодарлық.

Ол қабылданған шешімді қайта қарау мүмкіндігін де сұрап отыр. Сондай-ақ кейін сатып алу құқығымен берілетін жалдамалы баспана алу мүмкіндігі қарастырыла ма деген сауал қойған.

Марина бұл мәселені шешуге көмектесуді сұрап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа да жүгінген.

"Мен үшін бұл пәтер – жай ғана шаршы метр емес, 18 жылға жуық күткенімнің нәтижесі", - дейді Марина.

Павлодар тұрғыны енді ұзақ жыл бойы кезекте тұрғанын және өзінің тұл жетімдер санатына жататынын ескеріп, жағдайына жеке назар аударылып, баспана мәселесінің шешілуіне көмектесуді сұрап отыр.