Кассациялық сот Nazira Gold қаржы пирамидасын ұйымдастырушыға қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны, қаржы (инвестициялық) пирамидасын құрған және оған басшылық еткені, сондай-ақ, қылмыстық жолмен келген мүлікті заңдастырғаны үшін сотталған Nazira Gold қаржы пирамидасын ұйымдастырушыға қатысты қылмыстық істі қарады.
Соттардың анықтауынша, 2024 жылғы мамырдан 2025 жылғы ақпанға дейін жоғары табысқа кенелуге уәде беру арқылы азаматтардан 1,2 млрд теңгеден аса қаражат тартылған.
Тергеу және сот барысында бұл қаражат қымбат көліктер, жылжымайтын мүлік пен зергерлік бұйымдар сатып алуға жұмсалғаны анықталған. Мүліктің қылмыстық жолмен алынғанын жасыру мақсатында ол мұның бәрін туыстары мен өзге адамдардың атына рәсімдеген.
Сот үкімімен мемлекет кірісіне 392,9 млн теңге қолма-қол ақша, құны 896,3 млн теңге болатын 17,8 келі алтыннан жасалған зергерлік бұйымдар, 186,9 грамм күміс зергерлік бұйымдар, сондай-ақ, 52 көлік, тұрғын үйлер, пәтерлер және коммерциялық мақсаттағы жылжымайтын мүлік тәркіленді.
Сот актісінде 151 жәбірленуші көрсетілген. Оның ішінде 76 жәбірленушінің пайдасына материалдық залал өндірілді, 12 жәбірленушінің азаматтық талап қою құқығы танылып, залал мөлшерін айқындау мәселесі азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға берілді. Тағы 63 жәбірленушіге тиісті талаппен азаматтық сотқа жүгіну құқығы түсіндірілген.
Сотталғанға азаматтардың қаражатын және инвестицияларды тартуға байланысты қызметпен айналысу құқығынан 7 жылға айыра отырып, мүлкін тәркілеу және 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Кәмелетке толмаған баласы болуына байланысты жазаны өтеу бір жылға кейінге қалдырылды.
Кассациялық сот оның кінәсі іс бойынша толық дәлелденген, қылмыстық заң дұрыс қолданылған, ал тағайындалған жаза жасалған қылмыстардың ауырлығына сай келетіні туралы қорытындыға келді. Осылайша сот актілері өзгеріссіз қалдырылды.