160 мың бала кезекте еді: балабақша мәселесі қалай өзгерді?

160 мың бала кезекте еді: балабақша мәселесі қалай өзгерді?
pixabay.com

Қазақстанда ваучерлік қаржыландыруды енгізу балабақша кезегінің қысқаруына әсер етті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оқу-ағарту министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік қызметтер көрсету және мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастырудың жаңа механизмін әзірлеген.

Бұған дейін балабақша орындарына кезек вертикалды қағидат бойынша қалыптасып, мемлекеттік тапсырыс нақты мектепке дейінгі ұйымдарға бекітілетін. Ал қаржыландыру нақты қажеттілікке қарай бөлінбеген. Министрлік мұндай тәсіл жалған контингентті тіркеу, балабақшалар арасындағы бәсекелестіктің шектелуі және бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылуы сияқты мәселелерге әкелгенін атап өтті.

Жаңа механизм аясында деректердің дұрыстығын тексеріп, ықтимал бұзушылықтарды анықтайтын тәуекелдерді басқару жүйесі енгізілді. Бұл мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлудің объективтілігін арттырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған.

Қазіргі уақытта ваучерлік қаржыландыру бойынша пилоттық жоба еліміздің 20 қаласы мен 23 ауданында жүзеге асырылып жатыр. Оған шамамен 6 мың мектепке дейінгі ұйым қатысады. Жоба аясында 1 млн-нан астам ваучер берілген.

Министрліктің мәліметінше, жаңа механизмді енгізу нәтижесінде мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған балалар саны артқан. Сонымен қатар 2-6 жастағы кезекте тұрған балалар саны 160 мыңнан 23 мыңға дейін қысқарған.

Пилоттық жоба аясында 35 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделген. Үнемделген қаражат есебінен қосымша ваучерлер беріліп жатыр.

Министрлік жаңа модель мемлекеттік қызметтердің ашықтығын қамтамасыз етуге, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға, сондай-ақ білім беру қызметтерінің сапасы мен мектепке дейінгі ұйымдар арасындағы бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік беретінін хабарлады.