15 қыркүйекке дейін мүмкіндік бар: Қазақстандықтар төлеген салығының бір бөлігін қалай қайтара алады?

15 қыркүйекке дейін мүмкіндік бар: Қазақстандықтар төлеген салығының бір бөлігін қалай қайтара алады?
ЖИ: dalanews

Қазақстандықтардың бір бөлігі бұрын төлеген жеке табыс салығының (ЖТС) бір бөлігін қайтарып ала алады. Алайда көпшілік мұндай мүмкіндік бар екенін де білмейді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Qazaq Expert Club сарапшысы, салық кеңесшісі Раушан Тасшоинованың айтуынша, 2025 жылға арналған 270.00 нысанындағы декларацияны жеке тұлғалар 15 қыркүйекке дейін тапсыруы тиіс. Кейбір азаматтар үшін бұл 2025 жылы артық төленген жеке табыс салығын қайтарып алудың соңғы мүмкіндігі болмақ.

Қандай жағдайда салықты артық төлеп қоюыңыз мүмкін?

Сарапшының айтуынша, қазақстандықтар көбіне өздеріне тиесілі салықтық шегерімдерді пайдаланбағандықтан қаржыдан қағылады.

2025 жылы азаматтар салық салынатын табысын:

оқу ақысына жұмсалған шығындар;

медициналық қызметтерге кеткен шығындар;

ипотекалық тұрғын үй несиесі бойынша сыйақы төлемдері есебінен азайта алған.

Егер бұл шегерімдер жұмыс беруші арқылы рәсімделмесе, азамат декларация тапсыру кезінде оларды өз бетінше көрсете алады.

Алайда әрбір шегерім түріне қатысты өзіндік талаптар мен шектеулер болған.

Мысалы, білім беру бойынша шегерім мектепке дейінгі, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім алуға жұмсалған шығындарға ғана қолданылды. Медициналық шегерім косметологиялық қызметтерге жүрмейді. Ал ипотека бойынша тек тұрғын үй заемының сыйақысына төленген қаражат қана есепке алынады.

Артық төленген салықты қалай қайтаруға болады?

Ол үшін азамат:

270.00 нысанындағы декларацияны тапсыруы;

шығындарды растайтын құжаттарды қоса ұсынуы қажет.

Егер қайта есептеу нәтижесінде жеке табыс салығы артық ұсталғаны анықталса, салық төлеуші артық төленген соманы қайтаруға құқылы.

Сонымен қатар, 2025 жылы жұмыс беруші арқылы алдын ала өзге де салықтық шегерімдерді қолданған азаматтар декларацияны растайтын құжаттарымен бірге міндетті түрде тапсыруы керек. Бұл – салық заңнамасының талабы.

Мүлік пен көлік салығын да тексерген жөн

Раушан Тасшоинова артық төлемнің тағы бір жиі кездесетін себебі мүлік пен көлік салығын есептеудегі қателіктер екенін айтады.

Бұл салықтар мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер негізінде автоматты түрде есептеледі. Егер ақпарат кеш жаңартылса немесе қате болса, салық та дұрыс есептелмеуі мүмкін.

Мәселен, көлік бұрынғы иесінің атынан шығарылғанымен, жаңа меншік иесі туралы ақпарат жүйеге әлі түспесе, салық бұрынғы иесіне есептелуі ықтимал. Осындай жағдайлар жылжымайтын мүлікке қатысты да кездеседі.

Кімдер салық жеңілдіктеріне ие?

Көпшілік мүлік салығы бойынша жеңілдіктер қарастырылғанын да біле бермейді.

Мұндай жеңілдіктер:

ардагерлерге;

мүгедектігі бар адамдарға;

жетім балаларға;

мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-ананың біріне;

«Алтын алқа» алқасымен марапатталған көпбалалы аналарға;

бөлек тұратын зейнеткерлерге беріледі.

Депозит пайызына салық салына ма?

Сарапшының айтуынша, халық арасында банктегі депозиттен түскен сыйақыға жеке табыс салығы салынады деген қате түсінік бар.

Шын мәнінде, Қазақстан банктеріндегі депозиттер бойынша алынған сыйақы жеке табыс салығынан босатылған. Бірақ бұл жеңілдік тек еліміздегі банктерде ашылған депозиттерге ғана қатысты. Ал шетелдік банктердегі депозиттерден түскен табысқа мұндай жеңілдік қолданылмайды.

2026 жылдан бастап ереже өзгерді

Раушан Тасшоинова декларация тапсырмас бұрын:

барлық салықтық шегерімдердің пайдаланылғанын;

мүлік пен көлік салығының дұрыс есептелгенін;

салықтық жеңілдік алуға құқығыңыздың бар-жоғын тексеруге кеңес береді.

Сонымен бірге сарапшы бұл тәртіптің тек 2025 жылғы табыстарға қатысты екенін еске салды.

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап оқу, медициналық қызмет, ипотекалық тұрғын үй заемы бойынша сыйақы және бірқатар өзге де салықтық шегерімдер күшін жойды. Олардың орнына 30 АЕК мөлшеріндегі бірыңғай базалық шегерім енгізілді.