Ғалымдар 2040 жылға қарай Орталық Азиядағы мұздықтар жылдам ери бастайтынын айтып отыр. Мұндай мәлімдеме 16–17 қыркүйекте Өзбекстанда өткен "Климаттың өзгеруі жағдайында тау мұздықтарын бақылаудың инновациялық әдістері және гляциологияның өзекті мәселелері" атты ғылыми конференцияда жасалған. Бұл туралы Kun басылымы жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Өзбекстанның Гидрометеорология ғылыми-зерттеу институтының директоры Дониёр Тургуновтың айтуынша, кейінгі 10 жылда мұздықтардың еруі қарқынды жүріп жатыр.
"Егер бұл үрдіс жалғаса берсе, 2050 жылға қарай Орталық Азиядағы мұздықтардың шамамен 50 пайызын жоғалтуымыз мүмкін. Оларды сақтап қалудың қандай жолдары бар? Бұл – қарлы аймақтарда жасанды ландшафттар қалыптастыру және жасанды мұздықтар жасау", - дейді ол.
Германиядағы Жер және су зерттеу орталығының өкілі Аброр Гафуровтың пікірінше, мұздықтардың еруі тоқтамайды, ғасыр соңына қарай олардың көлемі күрт азаяды.
"Болжам бойынша 2100 жылға қарай қазіргі мұздықтардың небәрі 20–30 пайызы ғана қалады. Бірақ ең бастысы tipping point деген ұғым бар, яғни мұздықтар өзендерге ең көп мөлшерде су беретін шек. Қазір өзендерде су жеткілікті, тіпті бұрынғыдан да мол. Бірақ мұз көлемі күрт азайғанда, өзендердегі су да күрт төмендейді. Біздің есебімізше, Орталық Азияда бұл кезең шамамен 2040 жылы басталады. Яғни бізде дайындалуға шамамен 15 жыл бар. Шешімдері: суды тиімді пайдалану, су үнемдейтін технологияларды енгізу, қорларды жүйелі бақылау және басқару стратегияларын әзірлеу", - деді ол.