Қазақтелеком компаниясында 123 млрд теңге көлемінде қаржы тапшылығы анықталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Nege.Aqsha telegram арнасы жазды. EY аудиторлық компаниясы тексерген қаржылық есепке сәйкес, ұлттық оператордың жақын уақытта өтеуі тиіс қарыздары қолдағы айналым қаражатынан 123 млрд теңгеге асып кеткен.
“Алайда компания басшылығы алаңдауға негіз жоқ екенін айтып отыр. Олардың мәліметінше, алдағы бір жылға арналған қаржылық жоспар алдын ала жасалған. Онда түсетін табыс көлемі, шығындар, қарыздарды жабу мүмкіндігі және қосымша қаржы тарту жолдары түгел есепке алынған”, - дейді дереккөз.
Сондай-ақ қажет болған жағдайда компанияның негізгі акционері – Самұрық-Қазына “Қазақтелекомға” 120 млрд теңгеге дейін қаржылай қолдау көрсетуге дайын екені айтылған.
Бұдан бөлек, компанияның банктерден қосымша қаражат тартуға мүмкіндігі бар. Қазір “Қазақтелеком” қажет болған жағдайда тағы 224,6 млрд теңгеге дейін несие ала алады.