12 наурыздан бастап айыппұлдардың жаңа тәртібі күшіне енеді

Қаракөз Амантай 25 ақп. 2026 10:28

Қазақстанда 12 наурыздан бастап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске (№257-VIII заң) енгізілген түзетулер күшіне енеді. Жаңа нормаларға сәйкес, автоматты режимде тіркелетін айыппұлдар енді тек жол қозғалысы ережелерін бұзумен шектелмейді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Свидетель.кз телеграм арнасының мәліметінше, бұған дейін мұндай "автоматты нұсқамалар" көбіне жүргізушілерге жылдамдықты арттыру немесе бағдаршамнан өту сияқты құқық бұзушылықтар үшін ғана қолданылып келген. Енді цифрлық жүйелер арқылы анықталған өзге де әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша жауапкершілік қарастырылмақ.

ӘҚБтК-нің 31-бабының 1-бөлігіне сәйкес, әкімшілік құқық бұзушылық цифрлық объектілер арқылы, оның ішінде автоматты режимде жұмыс істейтін техникалық құралдармен анықталған жағдайда, деректерді өңдеу нәтижесінде кінәлі тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал осы баптың 2-бөлігінде ғана көлік құралдарына қатысты құқық бұзушылықтар бойынша иелерін жауапқа тарту тәртібі жеке көрсетілген.

Заңгерлік тұрғыдан бұл өзгеріс "автоматты режим" ұғымының аясын кеңейтеді. Яғни камералар, дрондар және "ақылды" жүйелер енді тек жүргізушілерді емес, кез келген азаматты әкімшілік құқық бұзушылық үшін тіркей алады. Егер жүйе қоғамдық орында темекі шеккен, қоқыс тастаған немесе жолды белгіленбеген жерден кесіп өткен адамды анықтаса және ол Бірыңғай әкімшілік өндірістер тізілімімен (ЕРАП) интеграцияланған болса, айыппұл хаттама толтырмай-ақ автоматты түрде рәсімделуі мүмкін.

Сарапшылардың айтуынша, автоматты түрде айыппұл салынуы ықтимал құқық бұзушылықтардың қатарына қоқыс немесе темекі тұқылын тастау, тыйым салынған жерде шылым шегу, жолды белгіленбеген жерден кесіп өту, сондай-ақ «ақылды» камералар орнатылған сауда нысандарында алкогольді түнгі уақытта немесе кәмелетке толмағандарға сату жатады. Айта кетейік, 2026 жылы қоқыс тастағаны үшін айыппұл мөлшері 43 250 теңгеге дейін өскен.

Бұл өзгерістер енгізілгеннен кейін «Сергек» секілді жүйелердің функционалы кеңейіп, көшелердегі камералар тек қылмыскерді іздеу құралы ғана емес, тұрмыстық құқық бұзушылықтарды автоматты тіркейтін жүйеге айналуы мүмкін. Мамандардың мәліметінше, мұндай механизмдер пилоттық режимде сыналған, ал 12 наурыздан кейін дрондар да әкімшілік құқық бұзушылықтарды тіркеп, айыппұл рәсімдеу процесіне тартылуы ықтимал.

Халықаралық тәжірибеде мұндай жүйелер кеңінен қолданылады. Мәселен, Қытайда бет-әлпетті тану технологиялары арқылы ұсақ құқық бұзушылықтар автоматты түрде тіркеліп, айыппұл электронды әмияндардан бірден өндіріліп алынады. Сингапурда қала көшелерін патрульдейтін роботтар мен «ақылды» камералар темекі шегу, түкіру, заңсыз сауда сияқты әрекеттерді анықтайды. Ал Дубайда жаяу жүргіншілердің жол ережесін бұзуы биометриялық база арқылы тіркеліп, айыппұл резиденттің ID жүйесіне автоматты түрде бекітіледі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove