102 кәсіпорын жұмысшыларға жалақы төлемеген

Самал Асқар 06 нау. 2026 15:06

Қазақстанда бірқатар кәсіпорын қызметкерлеріне жалақы төлемей отыр, деп хабарлайды Dala news.
 
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары елдегі 102 кәсіпорында жалақы бойынша берешек бар екенін анықтаған. Жалпы 408 қызметкерге 284 млн теңгеден астам қарыз жиналған.
 
Сонымен қатар жүргізілген тексерулер барысында түрлі ұйымдарда 1 мыңнан астам еңбек құқығын бұзу дерегі тіркелген.
 
Жалақы қарызы мен еңбек заңнамасын бұзу фактілері анықталған кәсіпорын басшыларына 707 міндетті нұсқама беріліп, 89 млн теңгеден астам айыппұл салынған.
 
Қабылданған шаралардың нәтижесінде, оның ішінде жалақы берешегін өтеу бойынша нақты мерзімдер белгілеу арқылы 354 қызметкердің құқығы қорғалып, оларға 253 млн теңге төленді.
 
Министрлік еңбек заңнамасының сақталуын бақылау мәселесі ерекше бақылауда екенін атап өтті.
 
2026 жылғы 1 наурызға дейін еңбек инспекторлары 1125 тексеру жүргізіп, оның барысында 1228 құқықбұзушылық анықталған. Оның ішінде:
•еңбек қатынастары саласында – 1055,
•еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 161,
•жұмыспен қамту саласында – 12.
 
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 11 354 қызметкердің еңбек құқықтары қорғалған.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove