1 қыркүйекте Алматы мектептерінің маңында 700-ге жуық полицей кезекшілік етеді

1 қыркүйекте Алматы мектептерінің маңында 700-ге жуық полицей кезекшілік етеді
ЖИ: Dalanews.kz

1 қыркүйекте Алматыдағы барлық мектептің маңында 700-ге жуық полицей мен 130 патрульдік экипаж кезекшілік етеді. Көлік көп жүретін қиылыстарда қарбалас уақытта қозғалыс қолмен реттеледі, деп хабарлайды dalanews.kz.

Алматы Полиция департаменті мәліметінше, жеке құрам күшейтілген қызмет режиміне көшеді. Қаладағы әр мектептің маңына полиция қызметкерлері қойылады. Негізгі қиылыстар мен бағдаршамдарда инспекторлар сағат 7:30-дан 9:00-ге дейін және 17:30-дан 19:30-ға дейін көлік қозғалысын қолмен реттейді.

Сондай-ақ, жол қозғалысы ережелері сақталуына, соның ішінде мектеп маңында көлік тоқтату мен тұраққа қою тәртібіне, жаяу жүргіншілерге жол беруге ерекше назар аударылады. Жылдамдық режимі бейнебақылау камералары мен жол белгілері арқылы бақыланады.

Қарбалас уақытта балалар жолдан қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету үшін патрульдік және ювеналды полиция қызметкерлері жұмылдырылады.