Алматыда жүргізіліп жатқан құрылыс-монтаж жұмыстары жаңа оқу жылы басталғанға дейін толық аяқталмайды. Осыған байланысты қала полициясы жол қозғалысын реттеу үшін қосымша шаралар қабылдамақ, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Алматы қаласы ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, 1 қыркүйек қарсаңында қала көшелеріндегі көлік жүктемесі айтарлықтай артады.
– Жүктеме өте жоғары болады. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін проблемалы қиылыстарға жаяу патрульдер қойылады. Сонымен қатар патрульдік полиция жасақтары күшейтілген режимде жұмыс істеп, қалаға кіреберістерде де кезекшілік атқарады, – деді ол.
Ноғайбаевтың сөзінше, қазіргі уақытта бағдаршамдардың жұмыс режимін қайта баптау жоспарланып отырған жоқ. Алайда көлік кептелісі туралы сигналдар түссе, кезекші бөлімнің қызметкерлері бейнебақылау жүйелері арқылы жағдайды бақылап, жекелеген қиылыстардағы көлік ағынын реттеу шараларын қабылдайды.
Полиция өкілдері жаңа оқу жылы басталар алдында жүргізушілерге жолдағы уақытша шектеулер мен құрылыс жұмыстарына байланысты бағыттарын алдын ала жоспарлауға кеңес берді.