№1 патриот - Хасен Қожа-Ахмет

Dalanews 23 сәу. 2019 13:55 1446

«Хасен Қожа-Ахмет – қазіргі жер басып жүрген қазақтар арасындағы №1 патриот. №1 патриот болатын себебі Компартия күркіреп тұрғанда Қазақстанның бодан болмауын талап етем деп, екі рет сотталған жалғыз қазақ!

Советтік орыс империясы құлаған соң бәріміз де айтқыш, бәріміз де батыр болып алдық қой. Ал сонау 70-жылдары Хасен жасаған ерлікті, қаһармандықты кім жасады? Айта қойыңызшы, машина мінгізейін...», – дейді біреуді сынамаса, мақтай қоймайтын «от ауызды» журналист Жұматай Сабыржанұлы.

Өзгеге де, өзіне де биік талап тұрғысынан қарайтын марқұм Жұматайды білмейтін біреулер мүмкін: «Е, журналистер не демейді?» – деп, пұлын төлесе не түрлі етіп мақала жазатын қазіргі кейбір журналистерді есіне алар.

Ендеше, қаһарлы «үш әріп» (КГБ) мекемесінің бүкіл құжаттарымен таныс МХК подполковнигі Тәңірберген Бекімовтің 1993 жылы Конституциялық сотқа жазып берген (1990 ж. «Қазақ әдебиетінде» жарияланды) мына сөзін мысалға келтірелік:

«Мен 1986 жылы Желтоқсан оқиғасы кезінде Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде «Жергілікті ұлтшылдықпен және шет елдердегі қазақ буржуазиясымен күрес» бөлімінің бастығы болып істеп жүргенмін.

Оқиғаға байланысты жаппай жазалау науқанына қатыспай, бейтараптық танытуға тырыссам да, маған Қазақ теле-радиосы комитетінің редакторы, композитор Қожахметов Хасеннің үстінен даттау материалдарын жинақтау тапсырылды.



Мен архивтен оның үстінен 1977 жылы жүргізілген 6 томдық «қылмыстық іспен» мұқият таныстым. Қожахметов – соңғы 20 жыл ішінде ұлтшылдық, антиорыстық, антиимпериялық көзқарасы үшін сотталған жалғыз қазақ азаматы екен.

Енді Қожахметовтің Желтоқсан оқиғасына қатысты да «айыбын» мойындаттыру жоғары жақта алақанын ысқылап отырған әлдекімдерге қажет болғанын түсіндім. Оны қайтадан қамалудан аман алып қалу үшін мен: «Қожахметов бұл оқиғаға қатыспаған» деп штабқа қорытынды есеп жазып бердім. Бұған қанағаттанбаған басшыларымыз бұл істі қайтадан тексертіп, Қожахметовтің  қылмысын «дәлелдеді». Ал мен болсам қызметімнен алындым».  

«Қазақты тәуелсіздік үшін көтеріліске шақырып, саяси шығармалар таратып сотталған Хасеннен өзге бәлен деген де адам болған», –  деп, ешкім келіп сүйіншісіне Жұматай Сабыржанұлынан мәшине мінбегеніне қарағанда, оның да, КГБ подполковнигінің де Хасенді №1 дегендері шындық.


Мұны 2005 жылы 31 арнада болған «Дода» хабарындағы жағдай да растай түседі. Студия толы «шындықты шыңғыртып айтып жүрген» азаматтар Парламент депутаты Серік Әбдірахмановты ортаға алып, әртүрлі қитұрқы сауалдарымен діңкелеткен сәтте, депутат:

«Осы бір 60-70 жасқа келгенде «Қазақпын! Қазақпын!» деп айқайлап, кеуде соғатындарды түсінбеймін. Кеше қайда жүрдіңіздер? Хасен Қожа-Ахметті білемін. Ұлт намысын қорғап, тілді қорғаймын деп түрмеге отырып шықты. Тағы кімді айта аласыздар?», – дегенде, сол жердегі жиналған саясатшылары бар, сыншылары бар, ешбірі қарсы ләм дей алмай, тым-тырыс тыныштық орнағанын көрдік.

2003 жылы астаналық қазақ ғалымы Индира Әубәкірова «Тоқырау» кезеңінің диссиденттері туралы КСРО Бас прокуратурасы шығарған жинақта бүкіл Орта Азия елдері ішінде ұлт-азаттығына шақырғаны үшін сотталған ЖАЛҒЫЗ ғана Хасен Қожа-Ахмет есімі жазылғанын көрген. 

Ресейлік «Панорама» ақпараттық сараптамалық тобының жетекшісі В.Пономаревтың «Кто есть кто в странах Центральной Азии» атты кітабында да (1993 ж.) осы елдердегі диссидент ретінде тек Хасен Қожа-Ахмет туралы ғана мәлімет жазылған...

Ол шығармаларында Ресей диссиденттері сияқты тек тоталитарлық жүйені демократияландыру мәселесін ғана емес, КСРО үкіметі Ресей империясының отаршыл саясатын жалғастырушы мұрагер екенін терең зерттеп дәлелдеді.

Ол егемендік туралы айтып қана қоймай, тәуелсіздікті радикалды түрде күресу арқылы алуға халықты шақырды.

Өзі 1972 жылы салған «Маса» карикатурасына қосымша өлеңінде: «Соруын орыс қоймайды, шапалақ жемей тоймайды» – деп, «Халқыма» өлеңінде «Шыдап болдық, ендігі ой – шайқасып өлмек» – деп халықты көтеріліске шақырды.  

Хасен: «қазақты қозғасам, отардағы өзге де халықтар көтеріледі» деп білді.


Ақын Есенбей Дүйсенбай «Ел намысын жыртқан ер» атты мақаласында «Алдыңғы өткен Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтай ағалардан кейін ұзақ үнсіздіктен соң, «Одақ па, әлде отар ма?», «Оян, қазақ, оян, елім!» деп, ұйықтаған ойға түрткі салып, ел арасына жасырын түрде үнпарақ таратқан қайраткер Хасен Қожа-Ахмет еді» деуі бекер емес.

Енді, қазақ халқын тәуелсіздік күресіне ояту үшін Хасеннің атқарған нақты іс-әрекеттерінің бірқатарын айтайық:

  1. Кеңес үкіметі орнағалы қызыл тудан өзгесі көтерілмеген елімізде Хасен Қожа-Ахмет Көк туды бірінші болып көтерді. 1973 жылы өзі жасап, таныстары ортасында насихаттаған көк туын 1977 жылы кәмпескелеген МХК тергеушілері тұтқындағы Хасеннен: «Үйіңдегі кілемге ілгенің не нәрсе?», – дегенде, Хасен: «Ол – болашақ тәуелсіз Қазақстанның туы!», – депті, тайсалмай.


Тергеуші басын шайқап: «Сен мына түріңмен өмір бойы түрмеден шықпассың», – деген екен.

Әлгі тергеуші айтқандай-ақ, он жылдың соң Желтоқсан көтерілісіне тағы түрмеге қамалып шыққан Хасен, ақыры Көк туды жария түрде 1990 жылы көктемде, тәуелсіздігімізді алудан екі жылдай ерте көтерді.

Осынау тарихы зор маңызды оқиға туралы Хасен «Қазақ әдебиеті» газетінде (2004 ж) былай дейді:

«1990 жылдың 22 наурызындағы мейрамда өзім жетекшілік еткен «Желтоқсан» ұйымы Алматыдағы қазіргі Республика сарайының алдына тіккен киізүйдің төбесіне қолдан бояп, қойныма тығып, жасырын әкелген сары жолақты, көк түсті туымды тігіп қойдым. Бұл әрекетімді 1945 жылы Берлин Рейхстагіне ту тіккендермен салыстырғандар да болды. Бірақ оларға қарағанда менің халім мүшкілдеу болды-ау деймін...», – дейді.

Иә. Күні бүгінге дейін неміс Рейхстагіне КСРО-ның қызыл туын кім тіккенін айтып даурығатын қазақ: «Осы біздің тәуелсіздігіміздің Көк туын алғаш болып кім, қашан көтерді екен?», – деп бір сәт ойланды ма?

  1. Горбачевтің «қайта құру» саясаты әсерінен және Қазақстан тәуелсіздігі жарияланып, «айтуға рұқсат берілгеннен соң» қаулап шыққан түрлі көсемдердің, шешендердің айтып, жазып бедел жинап жүрген қазаққа қатысты мәселелерін түгелдей дерлік Хасен сонау 1970-77 жылдарда-ақ жазып, халыққа таратқан.


Мысалы:

– Қазақ тіліне байланысты Хасен 1973 жылы «Оян, қазақ, оян, елім!» деген үндеуінде: «Қазақстандағы барлық оқу орындары, мекемелер қазақ тілінде болсын» деп және басқа мақалаларында «қазақтың тілі, мәдениеті тек Қазақстанда ғана дами алады. Өйткені қазақ халқының екінші Отаны жоқ» деген сөздер айтты.

Мәскеудің 1950 жылдарда жүргізген «Қазақстан тыңын игеру» саясатының зияны туралы тек 1990 жылдардан беріде ғана айтуға батылымыз барса, ал үкіметіміз қазір де Кеңес кезіндегі әуенінен танбай ол саясатты мадақтап жүр. Ал Хасен Қожа-Ахмет сол «тың игерудің» қазақ халқы үшін экологиялық және демографиялық апат болғанын, 1970 жылдарда-ақ үндеу, мақала, өлеңдерінде әшкерелеп «Қайран далам» атты толғау жазды.

Семейдегі ядролық полигон мәселесі 1989 жылы ғана көтерілсе, ал Хасен әлгі 1973 жылы жазып, таратқан үнпарағында: «Ядролық қаруларды сынап, химикат «тыңайтқыштармен» улап, қазақ жерін шөлге айналдыру тоқтатылсын!», – деген талап қоюға халықты шақырған.

«Полигонды жаптық» деп, бірін-бірін құттықтап, орден тағып жүргендер осы жиындарға Хасенді шақыру ойларына да кірген емес.

  1. Өз жерінде азшылыққа айналған халқымыздың мүлде жойылып кету қаупі алаңдатқан Хасен сол 1973 жылғы Үндеуінде отаршыл үкіметке: «Бір ұлтқа табындыру – орыстандыру саясаты тоқтатылсын!», «Орыстарды қазақ жеріне қаптатып қоныстандыру тоқтатылсын!» дейді және демографиялық апатты түзеу үшін «Шетелдегі қазақтарға және түркістандық басқа да ұлттарға Отанына қайтуға рұқсат етілсін. Олар қудаланбасын!», – дейді.


Иә, қазір мұндай сөздерге құлағымыз үйренген. Ал сол жылдары Хасен көтерген мәселелер тыңға түрен салғандай еді.

 

(жалғасы бар)


Қуан АҚОРДАҰЛЫ,


2006 ж.


ФОТО: Азаттық сайтынан 


 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар