1 миллиард теңгеден астам салық төлемеген қазақстандық ер адам Грузиядан экстрадицияланды

Ақтоты Жапатова 27 жел. 2025 12:24

Ауыр экономикалық қылмыс жасады деген күдікке ілінген Қазақстан азаматы Грузиядан елге қайтарылды. Бұл туралы Бас прокуратура мен Қаржы мониторингі агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ведомстволардың хабарлауынша, күдіктіні Қазақстанға экстрадициялау миллиардтаған салық төлемеуге қатысты қылмыстық іс аясында жүзеге асқан. Тергеу деректеріне сәйкес, ол 2023–2024 жылдары Алматы қаласында орналасқан коммерциялық ұйымды басқарған. Осы кезеңде сыбайластарымен бірге нақты жұмыс атқармай, жалған шот-фактуралар рәсімдеген.

Заңсыз әрекеттер салдарынан мемлекетке шамамен 1,3 миллиард теңге көлемінде салықтық шығын келтірілгені анықталды.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, қылмыс жасалғаннан кейін күдікті бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланған. Ол 2025 жылдың қыркүйегінде Грузия аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды.

Қазіргі уақытта ер адам тергеу изоляторына қамалды. Ал осы қылмыстық іс бойынша оның сыбайластарының бірі сәуір айында сот үкімімен бас бостандығынан айырылған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар