Астанада субұрқақ құрылысына бөлінген 1 млрд теңгені жымқырды деп күдікке ілінген мәдениет басқармасының экс-басшысы Болат Мажағұлов он жылға сотталуы мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Tengrinews.kz мәліметінше, мемлекеттік айыптаушы Азамат Тоқтарбай Болат Мажағұлов пен Мәди Қанапинге жаза тағайындауды сұрады.
- Болат Мажағұловты ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағы (“Өзіне сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету, аса ірі мөлшерде”) бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды және өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымды қызметтер атқару құқығынан айыруды сұраймын, – деп мәлімдеді прокурор.
Сондай-ақ, мемлекеттік айыптаушы инженер Мәди Қанапинді ҚР Қылмыстық кодексінің 28-бабының 5-бөлігі (“Көмектесушілік”) және 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығын шектеуді және өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымды қызметтер атқару құқығынан айыруды сұрады.
Еске салайық, экс-шенеунік Болат Мажағұловтың ұсталғаны туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлім етті. Астана қаласының "Мәдениет басқармасы" ММ-нің бұрынғы басшысы мен мердігер ұйым өкілдеріне қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша Қаржылық мониторинг агенттігі сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізді.
2016 жылы Астана күні мерекесіне орай салынған "Күн" ("Есіл өзеніндегі жарық-иллюминациялық және от шоуы") субырқағының құрылысы кезінде мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілмей тікелей келісімшарттар жасалған. Субұрқақ жобалық құжаттамасыз және мемлекеттік сараптамадан өтпей салынған.
Құрылыс барысында техникалық сипаттамаларға сәйкес келмейтін сапасыз материалдар қолданылған. Нәтижесінде аталған нысан 2017 жылдан бастап жұмыс істемей, қазіргі таңда апатты жағдайда тұр.
Ұрланған қаражаттың көлемі 1 млрд теңгеден асып отыр.
Күдікті, Астана қаласының "Мәдениет басқармасы" ММ-нің бұрынғы басшысы Болат Мажағұлов ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу аясында оның мүлкіне тыйым салынды. Оның ішінде 3 коммерциялық нысан, 2 автотұрақ орны және Астана қаласындағы премиум санаттағы пәтер.
Аталған іс бойынша күдіктілердің мүлкіне жалпы сомасы 572 миллион теңгеден астам сомаға шектеу қойылды. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етуге жатпайды.