1 мамырдан бастап криптовалюта бақылауға алынды

1 мамырдан бастап криптовалюта бақылауға алынды
pixabay.com

Қазақстанда 1 мамырдан бастап цифрлық активтер нарығын реттеудің жаңа тәртібі енгізілді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Енді елде цифрлық активтердің екі түрі ресми түрде айқындалды. Біріншісі – қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер, яғни криптовалюталар. Екіншісі – цифрлық қаржы активтері, оған стейблкоиндер, токенизацияланған нақты активтер және дәстүрлі қаржы құралдарының цифрлық нұсқалары кіреді.

Цифрлық қаржы активтері инвестициялық құралдардың жаңа класын қалыптастырып, капитал тарту мен инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің айналымы енді лицензияланған провайдерлер арқылы жүзеге асады. Бұл мемлекет тарапынан бақылауды күшейтуге бағытталған.

Жаңа жүйе аясында цифрлық активтер нарығында қызмет көрсететін провайдерлер институты енгізілді. Олардың қатарында цифрлық қаржы активтері платформаларының операторлары, криптобиржалар және криптообменниктер бар. Олар активтерді шығару, сауданы ұйымдастыру және сатып алу сату операцияларын жүзеге асырады.

Негізгі реттеуші орган – Қазақстан Ұлттық Банкі. Ол цифрлық активтер айналымын лицензиялап, қадағалап және реттейді. Бұл талаптар Астана халықаралық қаржы орталығының аумағынан тыс жұмыс істейтін нарық қатысушыларына қатысты.

Ал цифрлық қаржы активтерін, стейблкоиндерден басқа, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бақылайды.

Сонымен бірге Астана халықаралық қаржы орталығы өз юрисдикциясы шеңберінде цифрлық активтермен жұмыс істейтін ұйымдарды реттеуді жалғастырады.

Осылайша, Қазақстанда криптовалюта мен цифрлық активтер нарығы бірнеше реттеуші органның бақылауына алынып, жүйелі құқықтық негіз қалыптастырылды.