Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов бүгін, 29 қарашада базалық сыйақы мөлшерлемесі көлемін арттыруға қатысты өткізген арнайы баспасөз мәслихатында, көпті алаңдатқан мәселе - ақша бағамына қатысты да түсініктеме бере кетті. Ең бастысы, оның айтуынша, қымбат доллар азық-түлік бағамына қатты әсер етпейді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
28 қарашада биржадағы сауда-саттық қорытындысы бойынша теңгеге шаққанда 1 АҚШ долларының бағамы 512 теңге (+13 тг) деңгейінде бекітілді. Жалпы, кеше аталған шетел валютасының бағамы биржада 519,7 теңгеге дейін жетті.
Тимур Сүлейменов резервтік валюталары бар дамыған елдердің валюталарының әлсіреуі байқалатынын, яғни доллар оларға қарсы нығая түскенін айтады. Сондай-ақ ол доллар бағамының өсімін біздің экономикамыздың мұнай өндірісіне көбірек тәуелді болуымен байланыстырады.
"Мұндай кезеңде жағдайды тұрақтандыру, бағамның күрт өсімін тежеу және нарықты валютамен қамтамасыз ету үшін Ұлттық банк соңғы күндері валюталық интервенциялар жүргізді. Қабылданған шаралар айырбас бағамының қандай да бір тұрақсыз ауытқуларға жол бермеуге мүмкіндік берді және нарықтағы ахуалдың тұрақтануына ықпал етті", - деді Ұлттық банк басшысы.
Қазіргі уақытта АҚШ доллары KASE-де 507 теңге көлемінде саудаланып жатыр.
Сондай-ақ Ұлттық банк басшысы теңгенің әлсіреуі 2%-ті ғана қамтитынын, ал бұл азық-түлік бағасы өсіміне қатты әсер етпейтінін де нақтылайды.
"Қазақстан экономикасы баяулаған жоқ. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 10 айда 5,3% құрады", деген ол алдағы доллар бағамына қатысты болжаммен бөлісуден үзілді-кесілді бас тартты.
"Мен тағы да баса атап өткім келеді, 500 дегенге жабысып алудың керегі жоқ. Курс - 498, бәлкім, шартты түрде 495, шамамен үш апта осылай тұрды. Ал ол қазір 507-ге тең деп есептелік! 497, 498 және 507 - айырма 10 теңге, 500 теңгенің 10 теңгесі - 2%", - деді ол.
Оның айтуынша, 500 - психологиялық көрсеткіш, бірақ математик, экономист, тіпті кәсіпкердің көзқарасымен алып қарасаңыз, өзгерістер 2%-ті құрайды.
"Импорт тауарлар бағамында өзгеріс болары сөзсіз, ал мұның азық-түлік тауарларына қатысы болмайды деп санаймын. АШМ өзге нарықтармен,фермерлермен бірлесіп, отандық тауарлардың үлкен ұсынысын қалыптастыра білді. Сондықтан тура осы арасында бағаға қатысты қатты өзгеріс болмайды деп ойлаймын", - деді ол.
Кеше Алматыда ақша айырбас орындарында 1 АҚШ доллары 526 теңгеден сатылып, Ұлттық банк мәлімдеме жасауға мәжбүр болды. Олар қор биржасында валюталық интервенция жүргізгендерін мойындады.