Ербол Ерназаров: "Қауын-қарбыз бәсекесінде Өзбекстан Оңтүстікке төтеп бере алмайды"

Dalanews 29 қаз. 2017 08:47 305

Оңтүстіктің қауын-қарбызы – қазір алыс-жақын шетелдерге экспорттайтын негізгі өнім болып тұрғаны белгілі. Еліміздің о баста Кедендік одаққа, кейіннен Еуразиялық одаққа мүше болуы қауын-қарбыз еккен Оңтүстіктің шаруаларына пайдалы болғаны сөзсіз. Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған сапарымызда Отырар ауданына ат басын бұрып, ауданда қауын-қарбыз егіп, көрші Ресейге экспорттап, табыс тауып отырған "Досбол" шаруақожалығының жетекшісі Ербол Ерназаровпен аз-кем тілдесудің сәті түсті.

 

– Ереке, қауын-қарбыз өсірумен айналысқаныңызға қанша болды?

– Қауын-қарбыз өсіруді кәсіп көзіне айналдырғаныма 7-8 жылдың жүзі болды. Бұған дейін де диқаншылықпен айлалысып, бұл кәсіптің қыры мен сырына қаныққанбыз ғой. Оңтүстіктің кез келген аймағында бабын тапсаңыз, бақша өнімдерін өсіріп, табыс табуға болады.

– Биыл қанша гектар жерге қауын-қарбыз ектіңіз? Жалпы биылғы өнімнің шығымы қалай?

– Жыл сайын 40-50 гектар жерге қауын-қарбыз егіп, оны еліміздің өзге аймақтары мен Ресейге саудалап отырған жайымыз бар. Біздің қауын-қарбыздың негізгі тұтынушысы – Ресей. Олардың өздері келіп, атыздың басынан қауын-қарбыздарды тиеп әкетеді. Қазір Ресейдің кәсіпкерлеріне қауын тиеп жатырмыз. Арасында еліміздің өзге облыстарына шығарып сататын кездеріміз болады. Айталық, биыл қауын-қарбызымыздың біраз бөлігін Ақтау, Атырауға саудаладық. Ел ішіндегі базарларға екі-үш жүк көлігімен қауын-қарбыз кіргізсең, екі апта сатасың. Ал Ресейге апарсаң, заматта көтерме саудамен айналысатын саудагерлер талап әкетеді. Ресейдің басым бөлігінде қауын-қарбыз өспейді. Өскен жеріндегі қауын-қарбыздар біздікіндей тәтті емес. Сондықтан орыс халқы Оңтүстіктің қауын-қарбызын қуана-қуана сатып алуға әрқашан дайын.



– Ресейден келетін сатып алушылардың арасында тұрақты, келісімге келген клиенттеріңіз бар ма?

– Бар. Олар жыл сайын сөзінде тұрып, уәделескендей қауын-қарбыздарымызды сатып алуды дағдыға айналдырған. Жақында Қырғызстаннан кәсіпкерлер келіп, алдағы жылы 100 гектар жерге қауын егіп беру жайында ұсыныс жасады. Олар қауынның ұрығы мен қажетті дәрілерін әкеліп беруге уәде етті. Күзде барлық өнімді де сатып алуға келісіп отыр. Алдағы жылы олармен де жұмыс істеуді көздеп отырмыз.

– Қазақстан Еуразиялық одақтың толыққанды мүшесіне айналғалы бері Оңтүстіктің қауын-қарбызы Ресейге сатылатын өтімді тауарға айналғанын білеміз. Егер алда-жалда осы одаққа көршілес Өзбекстан мүше болып жатса, Оңтүстіктің шаруалары Ресейге қауын-қарбыз экспорттауда көшбасшылық орнын жоғалтып алмай ма?

– Жоқ. Өзбекстан қауын-қарбыз саудасында бізбен бәсекелесе алмайды. Өзбектердің қауындары қымбат. Олар бір қорап қауынды теңгеге шаққанда 2 мың теңгеден саудалайды. Ал біздер қазірдің өзінде бір қорап қауынды 650-900 теңгеден сатып жатырмыз. Сондықтан Өзбекстан Еуразиялық одаққа мүше болған күннің өзінде бізбен бәсекеге түсе алмайды. Біздің Отырар ауданының шаруаларымен тек Мақтаарал ауданының шаруалары бәсекелесуі мүмкін. Айталық, қауынды саудаға шығарғанда Жетісайдың қауындары бірінші пісіп, Ресейге әр қорабын 5000 теңгеге дейін саудалағанын көзіміз көрді.

– Бір қорапқа қанша келі қауын кетеді?

– Негізінен бір қорапқа 22-23 келі қауын, 5-6 қауын сияды. Дәл қазір әр қорапты Ресейден келген тұрақты клиенттерімізге 900 теңгеден беріп жатырмыз.



– Аудан орталығынан ашылған мына қауын-қарбызды сұрыптау орталығы шаруаларға қаншалықты пайдасын тигізуде?

– Өз басым көп пайдасын тигізіп отыр деп айта аламын. Бұрындары қауын-қарбыз алу үшін арнайы келген Ресейдің кәсіпкерлері атыз-атызды аралап, әуреге түсуші еді. Қазір сол мехнат тірліктен құтылдық. Осындай орталық құрып, ауылшаруашылығы еңбеккерлеріне қолайлы жағдай туғызып отырған Отырар аудандық ауылшаруашылығы бөліміне алғыс айтамын. Үлкен жүк көліктерімен жолы жаман атызға барып, қауын-қарбыз тиеу өте қолайсыз. Ал шыжыған күннің астында қауын-қарбызды сұрыптау тіпті қиын шаруа. Ал қазір ауданымыздағы бүкіл шаруалар қауын-қарбызын осы жерге әкеліп, саудалайды. Сырттан келетін сатып алушылар да бірден осында келіп, қалаған өнімін сатып алып жатыр. Меніңше, осындай бақша өнімдерін бір жерден өткізетін арнайы орталықтарды көптеп ашу керек. Сол кезде ауылшаруашылығы саласы өркендей түсетініне сенімдімін. Бұл орталықтың тағы бір пайдасы: қауын-қарбызды сұрыптайтындарға да жұмыс табылуда. Сұрыптау ісімен айналысатын адамдар күніне 4 мың теңге табыс тауып отыр. Осылайша орталық шаруаға да, сатып алушыға да, қарапайым еңбеккерлерге де өз пайдасын тигізіп жатыр.

– Ереке, Ресейге саудалайтын қауындарды жеуден басқа қандай мақсатта пайдаланатынына қызыққан кезіңіз болды ма?

– Ресейге барғанымызда Оңтүстіктің қауын-қарбызын негізінен жеу ішін алатынын байқадық. Бұдан бөлек йогурт жасауға да біздің қауындарды кең көлемде пайдаланады екен.

– Қауын-қарбызбен 7-8 жылдан бері айналысып келе жатқаныңызды айтып қалдыңыз. Мемлекеттің қолдауына, көмегіне жүгінген кезіңіз болған шығар?

– Кейбіреулер ауылшаруашылығы еңбеккерлеріне жасайтын мемлекеттің  қолдауын, көмегін субсидиямен өлшейді. Әрине, қазір ауылшаруашылығы саласына бөлінген субсидиялардың арқасында Оңтүстікте шаруашылықтар айтарлықтай дамып келеді. Былтырға дейін мемлекеттік қауын-қарбызға арнап бөлген субсидиясын алдық. Бұдан басқа жеңілдетілген баға мен берілетін жанар-жағармай мен тыңайтқышы да шаруалардың ісінің алға басуына кеңінен жол ашып отыр.

Бұдан басқа ОҚО Ауылшаруашылығы басқармасының Отырар ауданында каналдарды бетондап, суды пайдаланудың тиімділігін арттыруы және ауданымыздың орталығында қауын-қарбызды сұрыптап саудалайтын орталықтар ашуы, ауылшаруашылығы кооперативтерін құруын шаруаларға жасалған үлкен көмек деп есептеймін. Сондықтан ауылшаруашылық басқармасына айтар өкпеміз жоқ. ОҚО Ауылшаруашылығы басқармасы жаз бойы мол өнім алуға жол ашатын арнайы семинарлар өткізіп, өңірде ауылшаруашылығы саласының өркендеуіне бар күш-жігерін жұмсап келеді.

– Қауынның  қанша түрін егесіздер?

– Бүгінде Отырар ауданының шаруалары негізінен қауынның жиенбай, гүлстан, торпеда деген түрлерін өсіреді. Соның ішінде жиенбай мен гүлстанды көп өсіреміз. Өйткені, ол ұзаққа тасымалдауға қолайлы, езіліп кетпейді.

– Ереке, қауын-қарбыз егіп, мол тәжірибе жинағаныңызды байқадық. Болашақта кәсібіңізді сақтай отырып, шаруаңызды кеңейту ойыңызда жоқ па?

– Біздер тек қана қауын-қарбызбен айналыспаймыз. Сонымен қатар ата кәсібіміз малшаруашылығымен да айналысамыз. Мал азығы үшін жүгері мен жоңышқа да өсіреміз. Осы еңбегіміздің арқасында табыс тауып, өнімімізді ұзап шығып саудалауға мүмкіндік туғызатын жүк көліктерін сатып алдық. Болашақта алған өнімімізді өңдейтін шағын цехтар ашу да ойымыз да бар. Бұл іске бел буып, білек түріп кіріскен шаруаларға мемлекетіміз де барынша қолдау көрсетіп жатыр ғой. Сондықтан шаруашылықты кеңейту ойымызда бар.

– Еңбектеріңіз жансын!

Сұхбаттасқан Нұрлан Жұмахан  

 

https://dalanews.kz/31479

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x