Мәмин Мишустинге: "Еуразиялық одақ? Тек экономика. Шекарадан шықпаңыз"

Dalanews 11 ақп. 2020 09:40 233

Алайда Кремльдің бұған қатысты ұстанымы біздің елмен үйлесе бермейді.




Еуразиялық одақ экономикалық әріптестіктің шекарасынан шықпау керек. Бұл жайында Қазақстан премьер-министрі Асқар Мәмин айтты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Алайда Кремльдің бұған қатысты көзқарасы біздің елмен үндесе бермейді.

Күні кеше Қазақстан Мәскеудің Еуразиялық одақтың аясын кеңейту туралы кезекті ұсынысынан бас тартты.


Бірқатар сарапшылар "Кремль осынау одақты іргедегі көршілерін уысында ұстау үшін құрды" деп есептейді.

Путиннің ұзақ жылғы үзеңгілесі Дмитрий Медведевтың орнына келген Ресейдің жаңа премьері Михаил Мишустин Еуразиялық одақ аясындағы әріптестікті кеңейтуге мүдделі.

Бұдан бұрын ол спорт, туризм және экология салаларын дамытуды осы одақтың құзіретіне кіргізу қажеттігі туралы ұсыныс айтқан.

Бұл ұсынысты Ресей премьері Алматыда өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңесте тағы да қайталап айтты. Аталған шараға Қазақстан, Ресей, Армения, Қырғызстан және Беларусь үкіметінің басшылары қатысты.

"Спорт, туризм, экология бұған қоса денсаулық сақтау және білім саласын Еуразиялық одақтың жұмыс жоспарына енгізгеніміз жөн. Біздің осындай ұсынысымыз бар. Ал одақтастар біздің бастаманы қолдайды деген үміттемін", – деді ол.

Алайда...


Еліміздің Үкімет басшысы Асқар Мәмин Мишустиннің ұсынысын қолдаған жоқ, керісінше одақ аясындағы алғашқы уағдаластықты сақтаудың маңыздылығына тоқталды.

"Еуразиялық одақтың әуел бастағы келісімшартында көрсетілген міндеттердің шекарасынан шықпау маңызды. Бұл одақ тек экономикалық әріптестік мақсатында құрылған", – деді Мәмин.


Экономист Мұрат Қастаевтың пікірінше Ресей билігі осы одақтың аясын кеңейтудің жолдарын іздеп жанталасуда. Мишустин ұсынысы астарында Мәскеудің осы одақтың экономикалық аспектісін азсынатын астамшыл амбиция жатыр.

"Ресейлік шенеуніктер Еуразиялық одақ кеңістігін экономикалық әріптестікпен шектегенді құптамайды, олар одақтың құлашын кеңейтіп оны саяси ұйымға айналдыруды армандайды.

Қазақстанның одаққа қатысты позициясы айқын. Біздің ел бұл ұйымға тек экономикалық одақ ретінде қарайды. Ал Мәскеудің мазасы кетуде. Интеграция олар күткендей нәтиже бермеді, керісінше жүрісі баяулап, шабандап қалды. Ұйымға қосылған өзге одақтастар да аса белсенді емес.

Ресей тек өзін, өз мүддесін ойлайды. Мишустиннің ұсынысы соның дәлелі. Кремль Еуразиялық одақ аясында Ресейдің спорт, туризм және экология бағытындағы мақсат-мүддесін алға жылжытуды көздеп отыр.

Дәл қазір Мәскеудің тұғыры тұрақты емес. Ресей аумалы-төкпелі дәуірге аяқ басқалы отыр. Путиннің президенттік мерзімі аяқталуға тақау", – дейді Қастаев.

Айта кетелік Путиннің президенттік мерзімі 2024 жылы мәресіне жетпек.

Ал саясаттанушы Дос Көшімнің айтуынша Мәскеу ешқашан Еуразиялық одаққа экономикалық әріптестікті дамытатын құрылым ретінде қараған емес. 


"Кремльдің жоспары әуел бастан айқын. Путиннің пиғылы қандай екенін көзі ашық, көкірегі ояу адам жақсы біледі. Еуразиялық Одақ келмеске кеткен Қызыл империяны қайта тірілтудің әлегі ғана".

Оның пікірінше Мишустиннің ұсынысы астарында әккі саясат жатыр. Бұдан бұрын Бүкіләлемдік антидопинг агенттігі Ресей атлеттерінің 2020 жылғы жазғы Олимпиада ойындарына қатысуына, 2022 жылғы футболдан Әлем чемпионатына және дәл сол жылы өтетін қысқы Олимпиада ойындарына қатысуына тыйым салған.

"Ресейге экономикалық интеграция аздық етіп отыр. Одақтастары толыққанды өзіне бағынғанды қалайды. Одақтас елдердің экономикадан бөлек спорт, туризм, әлеумет саласы және ең соңынан саяси бағыт-бағдарын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстағысы келеді. Мишустин Алматыдағы отырысқа Путиннің тапсырмасын орындау үшін келді, олар интеграцияны тереңдетпей тыншымайды", – дейді Көшім.

Саясаттанушының айтуынша Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси беталысы Мәскеуге ұнап отырған жоқ.

"Демократиялық өзгерістер байқала бастаған Қазақстанның ұстанымы біздің елді осынау одақтан алшақтата түседі, – дейді ол.

Ең қымбат құндылық


Орта Азияда Ресейдің дегеніне көнбей отырған, халқының саны көп, тілін тұғырға қондырған және өзінің саяси ұстанымы бар ел – Өзбекстан.

"Өзбекстан Еуразиялық одаққа қосылмайды".  Өзбек басшысы Шавкат Мирзияев түнеукүні осындай мәлімдеме жасады. Өзбекстан осынау одақта бақылаушы есебінде ғана болмақ.

– Біздің көптеген азаматтарымыз Қазақстен мен Ресейге барып жұмыс істейді. Әрине, бұған бей-жай қарай алмайтынымыз анық. Бірақ мен бір жайтты ашып айтайын, халықтың көкейінде күмән-күдік болмасын. Бізді ешқандай ел ешқашан тәуелсіздікті айыра алмайды. Тәуелсіздік халық сенім артқан президенттің қолында. Біз Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болмаймыз,  – деген болатын Шавкат Мирзияев.

[perfectpullquote align="full" bordertop="false" cite="" link="" color="" class="" size=""]

Экономист Мұрат Қастаевтың пікірінше Қазақстан сыртқы саясатта дербес әрекет етуі қажет. Алайда әзіргі күні біздің елдің аузы буулы, сыртқы саясатта Кремльдің қабағына қарап сөйлейміз.

[/perfectpullquote]

"Еуразиялық одақ бәсекеге қабілеті жоқ, аты да, заты да күдікті құрылым. Күндердің күні Қазақстан бұл одақтан шығады", – дейді Қастаев.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x