18 миллион халықты асырау қиын ба?

Dalanews 06 ақп. 2018 09:11 367

Бəрі бар дейді бізде. Түгіміз жоқ, анығында. Тұрмысымызға қараңыз, сенбесеңіз.

Рас, жеріміздің асты да, үсті де астатөк байлық. Менделеев кестесіндегі алуан түрлі қазба байлықтың түгелге жуығын Қазақстаннан табуға болады-мыс. Білетіндер солай дейді.

Соған қарамай Үкімет 18 млн. халықты асырай алмай отыр. Анығында 18-ақ миллион. Əлемнің ең ірі қалаларында осынша халық тұрады.
Сонда біз неге байи алмадық? Дамыған, байыған елдердің қатарына қосылатын мүмкіндігіміз де, əлеуетіміз де бар еді ғой?

Əлде барды ұқсата алмадық па? Жоқ, барды ұқсатқандар болды. Бірақ  бұл байлық, əсте, халыққа бұйырған жоқ. 
Тəуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Қазақстан қалай тоналса, қазір де солай талан-таражға түсуде…  
Соңғы 10 жылда Қазақстаннан екі Ұлттық қордың ақшасына пара-пар қаражат сыртқа ағылыпты. Нақтыласақ.

Қуғындағы премьер...


Әкежен Қажыгелдин айтуынша, 2004-2015 жылдардың ішінде Қазақстаннан 167 млрд. доллар шетел асқан. Жымқырылған. Бармақ басты, көзі қысты болған…

«Қазба байлықты оңды-солды сатудан түскен қаржы бұл. Бір шеті ғана. Шетелдегі жалпы жасырылған қаражат 250 млрд. доллардан асып жығылады...», – дейді Қажыгелдин.  Көрдіңіз бе? Біз тоқтаусыз тоналу үстіндеміз.

Үкімет ақылды болса, 18 млн. халықты асырау қиын емес еді.
Бір ойшылдың былай дегені бар: «Ақылды үкіметтің негізгі мақсаты – халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту. Алайда  ақымақ үкімет бәрін керісінше істейді, өзі қайыршының жағдайына түсірген қоғамның ішінде қатал тәртіп орнатқысы келеді». 

Рас па? Рас. Халықтың тұрмысы түзу болса,  мұндай мақалалар жазылмас та, оқылмас та еді ғой, солай емес пе? 
«Қазіргі Қазақстанда өмірдің қызығын көру деген түсінік жоқ, өкінішке орай. Күнкөріс үшін күрес қана бар. 

Іздену, өз-өзіңді дамыту, дамыған елдердің тұрғындары сияқты
əлемді аралау деген ұғымдар бізге əлі де таңсық, əлі де жат. Бұған да жағдай керек, өйткені. Ал біздікі ше? Тамақ табу, жанталасу, жаға жыртысу…
18 млн. халықты асырай алмай отырған Үкіметіміз сондай дархан.

Шығыны бірнеше миллиард теңгеге шығатын помпезді шараларды өткізбей тұра ойлану ойына кіріп шықпайды оның. Біз жай ғана кедей емеспіз, дарақы кедейміз, демек.

Дарақы кедейдің мырзалығына бір жағынан күлкің...


енді бір жағынан жылағың келеді. 

Қазақстанның қазіргі жағдайы үкіметтің осы уақытқа дейін түк бітірмегенін аңғартатын сияқты ма, қалай? Біреуден озған дəнеңеміз жоқ екен. Керісінше, қалып қойыппыз. «Əлемдік өлшеммен салыстарғанда  Орта Азия əлі де болса,  «орта ғасырларда өмір сүреді» екен (Бжезинский).

Мұнайдан түскен табысқа дандайсығанымыз соншалық, өндіріс, өнім өндіру деген мəселелер мүлде атаусыз қалыпты. Ұмытылыпты. Ал ашылып жатқаны əншейін көз алдау екен. Өндіріс аяғынан тұрмақ түгіл, орнынан қозғалмапты да. 

“Қазақстанда жіп сабақтайтын ине түгілі, түйме өндірілмейді” деген сөз содан қалған болар, бəлкім. 

«Көп асқанға – бір тосқан» дейді. Құнынан айырылған қара алтынның “арқасында” аспаннан жерге түстік. Мұны мойындағымыз келмейді, бірақ. Кім екеніміз, міне, осы кезде білінді.
Үкімет айтатын дамудың даңғыл жолындағы Қазақстан – анығында мұнайға тəуелді көп мемлекеттің бірі ғана екен.

Мұнайдан басқа сенері жоқ. Мұнайдан басқа күнкөрісі жоқ. Мұнайдың арқасында битіміз семіріп келіпті осы уақытқа дейін. Сыртымыз бүтін, ішіміз түтін екен, анығында. 

Бұдан келіп Үкімет 18 млн. халықты қалай асырайды?  Шындап келгенде, елді бүгінгі жағдайға жеткізген биліктің өзі емес пе? Қазақстанның барлық сəтсіздігі мен бақытсыздығынəлемдік дағдарыстан, АҚШ пен Батыстан көру қаншалықты қисынды мұндайда?  «Кінəліні шеттен іздеу» психология қайдан, кімнен жұққан бізге?..

Думан БЫҚАЙ 


 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x