Қариннің бетін қайтарып тастамай ма?

Dalanews 21 сәу. 2017 07:24 267

"Қала мен Дала" газетінің "Бір сұрақ" айдарының алғашқы қонағы – саясаткер Әміржан Қосанов.

Сұрақ: Соңғы кездері мемлекеттік телеарналардан бұрын айтылмайтын пікірлер айтылып, бұрын эфирге жолатпайтын тұлғалар көріне бастады. Билік өкілдері де ұлттық жаңғыру деп ұран сап жатыр. Шынымен де біздің билік қазаққа жақындауды көздеп отыр ма, әлде, мұның өзге бір саяси астары бар ма?

 Жауап: Ақорда идеологтарының ішінде не ой жатқанын, осы бастаманы көтергендегі түпкілікті мақсаты не – оны ит біліп пе! Бәрі де мүмкін! Саясатты саяси технологиялар анықтап кеткен заман емес пе? Қоғамда бар басқа өткір тақырыптардан ел назарын басқа жаққа аудару секілді құйтырқылық болуы әбден мүмкін. Ондай сценарийлердің талайын көрдік қой.

Сенім де бар, өйткені ұлттық мүддені қорғау – ол тек қана постсовет кеңістігіне ғана тәне емес, өркениеттік сипаты бар әлемдік тренд. Ол көштен мүлдем кеш қалып қоюға болмайтынын билік басындағылар сезіп жатса керек. Өйткені қоғам ішінде бұл тақырып кеңінен әрі терең талқыланып жатқанына біраз уақыт болды. Сондықтан да, формальды түрде болса да, билік осы тенденцияға бой ұрып жатыр.

Күдік те жоқ емес, өйткені кеше ғана өз мақаласында президент «ұлттық және рухани жаңғыру ісіне бүкіл қоғамды қатыстыру керек» деген сыңайда ой тастап еді, ал оның өзі кеше ғана қол қойған Жарлықпен бекітілген тиісті комиссияда – тағы да бірыңғай министрлер мен әкімдер отыр! Құдды бір шенеуніктік модернизация секілді. Екі ауыз сөздің басын қоса алмайтын кейбір министр мен әкім менің санамды қалай жаңғрытады деп ойлап қалдым. Енді солардың ұлттық және рухани мәселелер бойынша жазылған еңбектерін оқып, олармен кездесуге дайындалып жатырмын... Рас, бірді-екілі қоғам қайраткері бар. Бірақ, шын мәнінде ел ішіне беделі бар, сөзін қалың жұртшылыққа да, билікке де өткізе алатын қоғамдық ой лидерлері жоқ! Мұның өзі сол комиссияның моральдық әрі саяси легитимдігіне теріс әсер етері сөзсіз.

Шыны керек, Ерлан Қарин мырза келгелі «Қазақстан» ұлттық арнасының қоғамдық-саяси хабарларында жаңаша, заман талабына сай леп сезіле бастағандай. Мемлекеттік ТВ-да «персона нон грата» боп жүрген біз секілді адамдарды экранға шығара бастады. Жаңа тақырыптар көтеріліп, соны форма мен мазмұн пайда болды. Ол үшін қуануымыз керек.
Бірақ, бір сауал бар: Қарин мырзаның бұл бастамасы ұзаққа созыла ма? Жоғарғы жақта отырған шенеуніктер бұл новацияларға қалай қарайды? «Неге билікке сын айтатын адамдарға эфирлік уақыт бересің?!» деп оның бетін қайтарып тастай ма? Біздің жағдайда бәрі де мүмкін!

Тағы да қайталап айтайын: ұлттық және рухани мәселелерді көтеріп, билік дұрыс жасап отыр (әрине, президенттің мақаласы догма боп қалмауы тиіс, оны дамыту, жетілдіру,  айтылмай қалған мәселелерді қосу – қоғамның ісі), бірақ осы игі ұрандардың бәрі формализмге ұласып, сөз жүзінде қалмауы тиіс! Және де бұл проблеманың қоғам үшін маңызды екі астары бар.

Бірі – бұл процесс бүгінгі саяси режимнің аясында өтсе де, стратегиялық тұрғыда жалпыдемократиялық жаңғыру талаптарымен жүзеге асуы тиіс. Онсыз кез келген модернизация (құй, ол экономикалық болсын, құй, ол әлеуметтік болсын) – тұл!

Екіншісі – ұлттық және рухани жаңғыру – барша ұлтты, қоғамды іс жүзінде біріктіре алатын идея! Бұл бастама билікке де, оппозицияға да, осы екеуіне қосылмайтын басқа күштерге де ортақ! Яғни, осы бастама төңірегінде ұлттық бірлік идеясын да жүзеге асыруға болады. Оппозицияның бір өкілі ретінде мен оған дайынмын. Сондықтан да жоғары аталған телехабарларға қатыстым. Бірақ оған қазіргі билік дайын ба? Бар гәп сонда!

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x