Порошенко, Украина және Еуромайдан

Dalanews 25 мам. 2015 23:29 238

Петр Порошенко. Ол тәуелсіз Украинаның тарихындағы ең жас Президент. Ол 49 жаста.

Президенттік қызметке кіріскен 1 жылдың ішінде оның шашы ағарып кетті. Сенбейсіз бе? Оның 2014 және 2015 жылдағы суретін салыстырып қараңыз. Иә, оның жұмысы жеңіл емес. Әсте жеңіл емес. Украинаның әзіргі ауыр ахуалында Порошенконың орнында болуға екінің бірі дауаламас еді.

 Редакция атынан:

ПОРОШЕНКО1(«Қала мен Дала» газетіне украин журналисі Гоша Тихий мақаласын ұсынды. Порошенко жайлы. Анық азаттық алған елдің президентінің саяси портретін жасауға тырысыпты. Бұл оның қолынан келді ме, келмеді ме, баға беретін біз емес. Көшірме де, аударма да емес, қазіргі күні өте ауыр жағдайда тұрған елдің азаматы өз қолымен ұсынған дүниені елеусіз қалдыра алмадық).

 Батыс Порошенконы «өз-өзін жасаған адам» дейді. Ауылдан шыққан ол Киев университетінің халықаралық қатынастар факультетіне тапсырады. Түседі. Сәбет одағы тұсында мұндай факультетке пара беріп түспесең, төңірегіне жуытпайтын. Бірақ, біз білеміз. Ол бұл жерге әділ өтті және қызыл дипломмен тәмамдады.

Айтпақшы, әскери борышын Қазақстанда өтеген Порошенко. Жә, осы жерден тоқталық. Оның өмірбаянын айтып отырғаннан ұтпаймыз.

Орыстар, оның ішінде ресейлік ақпарат құралдары оны «шоколадный король» деп атайды. Кемсіткісі келеді ме, қалай? Ол тәуелсіз Украинаның тарихындағы ең табысты бизнес-империяны құрды, білсеңіз.

Саясаттан да құралақан емес, ол. Саясатта – Сыртқы істер, Экономикалық даму және сауда министрі болды. Ол өсіп келе жатқан, өсіп келе жатыр. Бірақ өзінің өмірінде оған ауыр міндет жүктелді (бәлкім, өзі де ойламаса керек...).

2014 жылы ол Украина президенті болып сайланды. Сайлаушылардың 54,7 пайызы сенім артты оған.

Шашының ағаруы жайында... Осы бір жылдың ішінде оның шашына ақ кірді. Оңай ма, айтыңызшы. Сіз президенті мал-мүлкін тастап қашып кеткен, бюджеті тоналған мемлекет басшысының орынтағына отырдыңыз. Ал бұл уақытта сіздің еліңіздің территориясының бір бөлігін аннексиялап алған, шекарада басынан бақайына дейін қаруланған армия сіздің жерге басып кіруге дайын тұр.

Елестетіңізші. Бұл армияға көрші елдің жоғарғы басшылығы Украинаға басып кіруге рұқсат беріп қойған. Сізде қалай? Сіздің қолыңызда армия  атымен жоқ, тиісінше шекараны да ешкім қорғамайды...

Ал революциялық қоғамның қысымы артып барады (кез-келген революциядан халық ғажайып, шыны керек тым ғажайып үміт күтеді. Бізде солай болды. «Янукович кетті. Барлығы ертегідей болады» деді халық).

[caption id="attachment_10734" align="alignleft" width="462"]ПОРОШЕНКО Шашының ағаруы жайында... Осы бір жылдың ішінде оның шашына ақ кірді. Оңай ма, айтыңызшы.[/caption]

Бірақ, керісінше, сіз түсіңізде де көргіңіз келмеген болжамдар шындыққа айналды. Жау армиясы сізге соғыс жариялаған жоқ. Соғысты астыртын, жасырын жүргізуге көшті. Мұның салдарын білесіздер. Ондаған, жүздеген, мыңдаған адам өлді.

Порошенконың бұл жердегі кемшілігі неде? Ол шекаралық аймақтағы тұрғындарға 24 сағат бойы хабар таратып отырған көршінің «көк жәшігін» тоқтата алмады.  Олар не деді халыққа? «Киевтегі «фашистер» НАТО әскері және жалдамалы жандайшаптардың көмегімен орысша сөйлегендерді өлтіріп жатыр. Ертең сендерге де кезек келеді» деді.

Халық сенді. Шошыды.

Ал 6 айдан кейін Киевте парламенттік сайлау өтті. Әлгі «көк жәшіктен» көрсеткен «фашистер» қайда? Ультраоңшыл партия парламентке өтеді деген еді ғой? Осындай сауал.

2014 жылдың күзіндегі сайлауда «Оңшыл сектор» да («Правый сектор»), «Еркіндік» те іріктеуден өткен жоқ, тіпті 5 пайыз да дауыс жинай алмады. Бірақ, бұл аргументтің де пайдасы шамалы еді. Өз әлемінде өмір сүретін ресейлік арналар аждахадан қауіпті екен. Қайдан білейік...
Ашу. Эмоция. Порошенко бұл жолға түскен жоқ.

Президенттікке тағайындалған алғашқы күндерден-ақ әртарапты тактиканы таңдады, Порошенко. Бір жағынан, дипломатияны күшейтіп, соғысты бейбіт шешудің жобасын жасады, бір жағынан – армияны, Украинаның қорғаныс қабілетін күшейтуге көшті.

Ол бұл дағдарысты шешудің жалғыз жолы – әскери шешім деп ойлаған жоқ.

2014 жылдың тамызындағы Иловайскідегі оқиғалар көрсеткендей, ресейлік армия украин қарулы күштері сепаратистер басып алған өңірлерді қолына қайтаруға көшкен тұста бірден айқасқа араласатын.

Бір сөзінде ол былай деді: «Мен Путинді түсінбеймін. Жоқ, оның сондай адам екеніне емес... Путинге келгенде дипломатия жұмыс істемейді. Ол оны (дипломатияны) демократия сияқты әлсіз деп санайды және оны өз пайдама қолданамын деп ойлайды».

Білесіз бе, бүгінгі орыс халқы үшін Путин пайғамбар, культ. Жоқ, бәлкім одан да жоғары тұрған болар...

Ал украиндар қалай? Біздің өз президентімізге, орыстар Путинге қарағандай қарамаймыз. Оған деген құмарлығымыз бен құштарлығымыз шексіз емес.

Оны сынға алатындар көп. Көпшілігі көңілге қонымды сын.

[caption id="attachment_10735" align="alignright" width="1507"]ПУТ-ПОР Путинмен келіссөз өткізуден қиын ештеңе жоқ[/caption]

Украина өз президентімен ауырмайды. Анығы осы. Былайша айтқанда, романтикалық сенім жоқ бізде. Сөйтеміз деп бір жылдары бәлеге қалғанбыз. Виктор Ющенконы білесіздер ғой. Соған сенген едік, бармағымызды тістеп қалдық. Оның сенімнен айырылғаны соншалықты, орнына (ресейшіл) Виктор Янукович келді.

Бірақ...ол да оңған жоқ. Елді тонап тынды, Украина терең дағдарысқа түсті. Украина осы екі жағдайдан айрықша, өте айрықша сабақ алды: «Өкінбеу үшін алғашқы кезден-ақ «көзсіз ғашық болуға» болмайды».

Оны, Порошенконы неге сынға алады? Кәсіби кадрлар атқаратын міндетті еріктілерге жүктегені үшін... Бірақ, ол қоғамның сөзіне құлақ асады. Өстіп Қорғаныс министрі мен Бас прокурорды орнынан алды. Бір анығы Порошенко қандай болса да, Украина әзіргі алған бағытынан енді қайтып айнымайды. Неге, білесіз бе?

Нақтылап айтайын. 2013 жылдың қарашасынан бері Украина саясатын Президент те, Премьер-министр де, тіпті Парламент те анықтамайды. Оны анықтайтын украиндықтардың өздері.

Елдің тағдыры үшін өз уақытын, ақшасын, денсаулығын, керек десеңіз өмірін құрбан етуге әзір.  Бұл мыңдаған, он мыңдаған, жүз мыңдаған ерікті. Мұны сіздер білмеуіңіз мүмкін. Мысалға, украин армиясы қалай жан сақтап отыр деп ойлайсыз? Осы еріктілердің арқасында. Тапқан-таянғанын олар майданға жіберіп жатыр. Апта сайын. Мұндай деңгейдегі еріктілер қозғалысы әлемнің бірде-бір елінде болмаған. Бұған сенімдіміз.

Еріктілер...Ресей агрессиясының тұтас Украинаға тарауына кедергі келтірген бірден-бір күш. Ал орыстардың «Барбаросса» жоспарын біз жақында білдік. Оны да Порошенко жария етті.

Порошенко: «Олар Украинаның 8 облысында  «орыс әлемін» құрмақ болған. Олар Донецк және Луганск облыстарымен шектелуге мәжбүр болды...».

Еріктілердің Украинаның аяғынан тұрып кетуге үлкен көмек көрсеткенін Петр Порошенко көріп те, біліп те отыр. Солардың арқасында ғана Украина өз армиясын жасақтап үлгермеді.

Орыс ақпарат құралдары таратып жатқан тағы бір өтірік. Украинаның білікті, білімді азаматтары елден қашып жатқан жоқ...

Порошенко бай, өте бай. 2014 жылы Форбс оның байлығын 1 млрд. 300 млн-ға бағалады (Украинадағы 100 байдың ішінде 6 орында). Қаржысын қалтасына басып шетелде тыныш жатса да болар еді. Алайда ол мұны өзіне ар санады. Бәрін ысырып қойып, халық мүддесіне қызмет етуге бел байлады. Бұл тіркес жаттанды естілетін шығар, бірақ шындығы сол.

Порошенко – үлкен топқа үлгі болды. Жоғары білімі бар талантты жастар тиын-тебен беретінін білсе де, мемлекеттік жұмысқа тұрып, мемлекеттік құрылымды жаңалауға көшті.

Енді 1 ай күтелік. Жаңа кадеттер енді бір айдан кейін ескі, жемқорланған, украин милициясын басынан аяғына дейін ауыстырады.

Оқушылар ше? Қазіргі украин оқушылары біраз жыл өткеннен кейін «бізде балалық шақ болған жоқ» деп айтса, сеніңіздер. Украин мектептеріндегі балалар сабақтан кейін майдандағы украин сарбаздарына арнап бүркеме желілерін тігеді (маскировочные сети).

Иә, украин корольдігінде әзір жақсы деуге тұратын дүниелер аз. Коррупция да бар. Саясат та мінсіз емес. Президенттен бастап...

[caption id="attachment_10736" align="alignleft" width="182"]C C[/caption]

Бірақ, қоғам, әр азамат өз мемлекетінің алдындағы жауапкершілігін жете сезініп отыр. Ал билік осы қоғамның пікірінен қорқады. Біздіңше, демократияның өзі осы. Мұндай қоғам барда Украина «өлмеуге» тиіс.
Гоша ТИХИЙ, журналист.

Киевтен арнайы «Қала мен Дала газеті» үшін

 

Bloomberg  хабарлайды:

Порошенко өзіне тиесілі ең ірі активті – Roshen кондитерлік компаниясын сатуға қойды. Мұны сатып алуға қалтасы көтеретін бір компания болса, ол әлемдік алып – Nestle. Бірақ, ол 1 млрд. доллар ұсынуда. Ал Порошенко 3 млрд. сұрайды. 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x