Ақсу қант зауытында қант қызылшасы қабылдауды бастады

Dalanews 01 қаз. 2020 08:36 394

Ақсу қант зауыты қант қызылшасын қабылдай бастады. Тәтті түбірді алғаш болып Ақсу мен Сарқан аудандарының шаруа қожалықтары жеткізді, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ақсу ауданы әкімдігі хабарланғандай, биыл облыстың 11 ауылдық округіндегі 83 шаруа қожалықтары 3167 гектар жерге қант қызылшасын сепкен. Өңірде тұқым себуге арналған техникамен толық жабдықталған алты қызмет сатып алу орталығы мен төрт шаруа қожалығы қант қызылшасына егу жұмыстарымен айналысады. Өткен жылы облыста 2850 гектарға қант қызылшасы егілді. Орташа өнімділігі 340 центнерден асатын 97 241 тонна өнім алынды. Биыл 86 шаруа қожалықтары 3167 гектар жерге қант қызылшасын септі. 126 мың тоннадан астам өнім шығару жоспарлануда. Орташа өнімділігі 400-600 центнер.

Ақсу қант зауытының бас директоры Самат Нәдірбаевтың айтуынша, зауыттың қуаттылығы тәулігіне төрт мың тоннаға есептелген.

– Енді біз үшін қызылшаның 10 күндік қорын жинау маңызды. Зауыт толық қуатында жұмыс істей бастайды. Күніне 100-120 автомашина қабылдаймыз, – деді директор.


Айта кету керек, бүгінде Ақсу қант зауыты қант қызылшасын қабылдауға 100 пайыз дайын. Қазір кәсіпорында 240 адам жұмыс істейді. Өндіріс басталған кезде жұмыс орындарының саны 550-ге дейін жетеді. Сонымен бірге технологиялық процестерді жетілдіру бойынша қажетті жұмыстарды жүргізуге Украинадан технологтар мен мамандар шақырылды.

Жалпы, серіктестікті шикізатпен 17 қызылша өндірісі бойынша сервистік-дайындау орталықтары және Ақсу, Сарқан және Алакөл аймақтарындағы қызылша өсіретін 200-ден астам ұсақ шаруашылықтар қамтамасыз етеді.

Естеріңізге сала кетейік, биыл Алматы облысында 500 мың тонна тәтті түбір жинап, шамамен 42 мың тонна қант өндіру жоспарланған. Өңдеуді облыстың Ақсу және Көксу аудандарындағы екі қант зауыты жүзеге асырады. Жалпы, биыл облыста қант қызылшасының егіс алқабы 2,1 мың гектарға ұлғайтылып, 16,1 мың гектарға жетті.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x