"Қазақтелеком" Түркістан қаласындағы коммуникация саласын дамтуға 836 млн. теңге инвестиция салынады

Dalanews 02 қар. 2018 15:07 288

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен алдағы 5 жылда Түркістан қаласы жан-жақты дамуы тиіс. «Самұрық Қазына» әл-ауқат қорының бастамасымен «Қазақтелеком» АҚ осы бағытқа үлкен жоба әзірлеп, 836 млн. теңге инвестиция бағыттап отыр.

 

 

Енді Түркістан облысы бойынша біраз аумаққа талшықты оптикалық байланыс желісі үшін құрылыс жұмыстары басталады. Түркістан қаласының жаңадан жасалған бас жоспарына сай қала аумағының көлемі 35 мың гектарға ұлғайып отыр.

Ал, қаланың шығыс бөлігінен, яғни жаңа қалашық «Отырар» шағынауданы үшін 670 гектар жер бөлінген. Мұндағы 170 гектар аумаққа салынатын әкімшілік-іскерлік орталыққа және 300 гектар жерге тұрғызылатын көпқабатты үйлердің барлығы да келешекте осы жоғары жылдамдықтағы интернет желісімен қамтылады. Демек, мұнда келешекте 65 мыңға жуық тұрғын орналасады деген жоспар бар.

Сондай-ақ, бұл жерде көптеген мемлекеттік мекемелердің ғимараттары (прокуратура, сот, мәжіліс залы, театр) бой көтереді. Аталған мекемелерден бөлек жаңадан салынатын және бұрыннан бар көпқабатты үй тұрғындары мен қаладағы барлық мектептер, медицина мекемелері талшықты оптикалық байланыспен қамтылады. Елбасы Түркістан қаласымен қатар Кентау қаласын да дамытуға ерекше мән беріп отыр. Цифрландыру шаралары Кентау қаласындағы көпқабатты үйлер мен мемлекеттік мекемелерінде де жүзеге аспақ.

Осы бағыттағы құрылыс жұмыстары келесі жылдың бірінші тоқсанында басталады. Бүгінде жасалынған жобалық-сметалық құжаттар бойынша құрылыс, жер қатынастары басқармаларымен бірігіп дайындық жұмыстары пысықталып, келісімдер жүргізілуде. Осы жұмыстар біте салысымен бөлінген қаржыны жұмсауға мүмкіндік ашылады. Яғни жобадағы жұмыстарды істейтін мердігерлерге конкурстар жарияланады. Барлық шаралар «Самұрық Қазына» әл-ауқат қорының талаптары негізінде жүзеге асады. 2019 жылдың соңына дейін құрылыс жұмыстары аяқталып, желілер GPON негізінде жұмыс істейтін болады.

Келер жылы іске асатын тағы бір жобаға 300 млн. теңге инвестиция құйылмақ. Онда облыстың барлық аудан орталықтарындағы мемлекеттік қызмет органдары, яғни мектептер мен медициналық орталықтар талшықты оптикалық байланыс желісімен қамтылады. Бүгінде облыстық білім басқармасынан білім мекемелерінің тізімдерін алдырып жатырмыз.

 

Dalanews.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x