Back
| DalaNews

Баталов

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында ең жауапты, күрделі лауазымды қызмет, ол – әкімдік қызмет. Бүгінде «әкім бол, халқыңа жақын бол» деген қағидаға адалдық танытып жүрген әкімдерді саусақпен санап алуға болады. Әкімдік қызметтің абырой-беделін асқақтатып жүрген азаматтардың бірі – Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.

 

Ол туралы

| DalaNewsМамандығы құрылысшы Амандық мырза Алматының талай нысандарын салуға қатысып, құрылыс саласында мол тәжірибе жинақтаған маман. Тәуелсіздік жылдары Амандық Ғаббасұлы Алматы қаласы әкімдігіне қарасты аудандарды басқарып, оңтүстік астанамыздың дамуына өз үлесін қосты. Ал 2001 жылдан бері Алматы облысы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары қызметтерін абыроймен атқарғаны баршаға мәлім. Бір сөзбен айтқанда, Амандық Ғаббасұлы – жер жәннаты Жетісудың төл перзентіне айналып кеткен азамат.

Иә, Баталов – соңынан сөз ертпеген еліміздегі сұңғыла басшылардың бірі. Ол әрбір ісіне жарнама жасауға құлықты емес. Қазіргі таңда кейбір әкімдер әлеуметтік зерттеу орталықтарымен астыртын байланысып, өзінің рейтингісін қолдан көтеруге ынтызар екенін жақсы білеміз. Ал бұлайша жарнама жасау Баталовқа жат дүние. Сол әкімдердің рейтингісінде Алматы облысының әкімі өзінің іскерлігімен тізімнің бас жағында жүреді.

Жалпы, бұл кісіні білетіндер әңгімелескенде ашық-жарқын, табиғатында дегдарлық пен тазалық бар, отбасында таза қазақы тәрбие алған адам деседі. Естуімізше, жастайынан іске шөгел, қағылез болған көрінеді. Осы екі мінезі оның билік баспалдағындағы «ақырын жүріп, анық басуына» септескені айтпаса да түсінікті. Сондай-ақ, өмірлік тәжірибесінде ырду-дырдуға, жеңіл атаққа қызықпағанын да Баталовтың басты ерекшелігі дейтіндер көп.

 

Баталовтың балаға жауабы

Ел басқарған азаматтар сын сағатта да халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, азаматтық танытуы маңызды. «Ер басына күн туса, етігімен су кешер, ат басына күн туса, ауыздықпен су ішер». Дана халқымыздан бүгінге жеткен қорғасын ойы, салмақты сөзі. Амандық Ғаббасұлы облыс әкімінің бірінші орынбасары болғанда дәл осындай ел басына күн туды. Ақсу ауданына қарасты Қызылағаш ауылының тұрғындарының басына түскен 2010 жылғы наурыздың 11-індегі қасірет облыс тарихындағы азалы күнге айналды. Оқиғаны қайталап айтып жатудың қажеті жоқ.

| DalaNews

Бірақ сол кезде БАҚ өкілдері Амандық Ғаббасұлын сын садағының астына алғанын ұмыта қойған жоқпыз. Тас түскен жеріне ауыр. Қиын кезеңде Әбекең журналистермен салғыласып жатпады. Аяғына резіңке етігін киіп, дүлей апаттың салдарын жою үшін күн-түн демей қарапайым адамдармен бірге еңбек етті. Сол кезде қайғыдан қан жұтқан ауыл тұрғындарының мұң-зарына құлақ асып, бәріне шыдамдылық танытты.

Баталов облыс басшысы болғалы бері сол қарапайым мінезінен айныған емес. Күні кеше ғана Abai.kz ақпараттық порталы «Нұртілеуден Амандық Баталовқа ашық хат» атты (бір жасқа толмаған сәбидің атынан жазылған үшбу хатты) материал жариялағанда әкім үнсіз қалмай, бір жасқа толған баланың отбасына қамқорлық жасап, азаматтық танытты. Талғар ауданы, Кеңдала ауылында біреудің сыз үйінде пәтер жалдап тұрған кішкентай Нұртілеудің мұңына құлақ асқан Амандық Ғаббасұлы 8 балалы отбасының үйлі болуына жәрдемдескенін көзіміз көрді.

Бүгінде қазақтілді басылымдар қарапайым халықтың мұң-мұқтажын әкім-қараларға мүмкіндігінше  жеткізіп келеді. Бірақ мақала шыққаннан кейін бар мәселенің оң бағытта шешіліп жатпағанын да білеміз. Бұдан кейін кейбір әріптестеріміз «қазақтілді ақпарат құралдарының жанайқайы жоғарыға жетпейді» деп кейістік білдіріп жатады. Шындығында бұлай деп кесіп айта алмас едік.

Қазақтілді ақпарат құралдарының бетінде жарияланған мақалаларды кейбір ел басқарған азаматтар тиісті деңгейде мән бермейді. Кейде мұның өзі әкімдердің басына таяқ болып тиіп жататынын да көріп жүрміз.

Бірақ елімізде ұлт баспасөзіне бүйрегі бұрып тұратын Баталов сынды бірлі-жарым азаматтар бар. Оларды ақпарат құралдарында көтерілген мәселелерді есепке алып, әрекет ететін әккі саясаткерлердің қатарына жатқызуға болады.

 

Оның бастамалары

| DalaNewsАмандық Баталовтың әкімдік қызметті қолға алғанына бір жылдан асып, екінші жылға таяп қалды. Жұмысқа ықыласы бар адам осы уақыт аралығында бір істің басын қайырып тастайды. Алып мегаполис Алматыны бауырына басқан Алматы облысы үшін маңызды сала – ауыл шаруашылығы екені сөзсіз.

Ұзақ жыл Жетісуда жұмыс істеп, мол тәжірибе жинаған Амандық Ғаббасұлы әкім болған күннен бастап өңірдің ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге күш салып келеді. Түгін тартсаң майы шығатын Жетісу жерінің кейбір суармалы жерлеріне су жеткізетін цемент наулар нарықтық қиыншылықтар қос өкпеден қысқан кезеңде қирап, жарамсыз болып қалғаны жасырын емес.

Қазіргі таңда Баталов сол гидротехникалық ғимараттарын қайта құрылымдау үшін Ислам даму банкінен инвестиция тартып, бұл бағытта қызу жұмыстар жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта гидротехникалық құрылымдар толықтай іске қосылатын болса, өңірдегі суармалы жерлердің көлемі артып, жер емген шаруалардың мейманасы таситыны сөзсіз. Алматы облысының ауыл шаруашылығы саласын кешенді гидротехникалық нысандарсыз елестету мүмкін емес. Сондықтан Амандық Ғаббасұлының өңірдің суландыру жүйесін қалыпқа келтіруге күш салуын стратегиялық мақсатты көздеген маңызды істердің бірі деп есептеуге толық құқымыз бар.

Алматының экономикалық әлеуеті жайында әңгіме болса, тіл ұшына туризм саласы орала кететіні белгілі. Иә, Жетісудың қай пұшпағына туристік кешен саласаңыз да өзін ақтайтын алып кешенге айналып шығатыны белгілі. Бұл ретте облыс басшысы Алакөл мен Балқаштың жағалауында туристік база салып, инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр.

Қазір әлемнің әр жерінде кісі болжап болмайтын дүрбелең туып тұр. Қазақстандық туристер жиі бет түзейтін Түркиядан да маза қашқан. Мысыр, Таяу Шығысқа аяқ аттап басудың өзі қорқынышты. Іргедегі қырғыздар толқыған кезде Ыстықкөлге жету мұңға айналады. Енді қайтпек керек?

 

Жетісуда не өзгерді

Осындай кезеңде отандық туризмді дамытып, халықты өз жерімізде демалдыруға дағдыландырудың орайлы сәті туып тұрғаны кімде болса байқар еді. Сондықтан Алакөлге әуежай салып, еліміздегі туристерді Алакөлге бұру да Баталовтың маңызды бастамаларының бірі десек болады.

| DalaNewsҚазіргі таңда Алакөл мен Алматының арасындағы жол жөнделген. Бірақ өзге аймақтар үшін Алакөл әлі алыс болып тұрғаны жасырын емес. Егер Баталовтың ойға алған ісі толықтай іске асып, Алакөлмен әуеқатынасы іске қосылатын болса, демалушылардың қарасы көбейетіні сөзсіз. Құрылыс саласында мол тәжірибе жинаған Амандық мырзаның әуежай салуға тәуекел етуін үлкен ерлік деп бағалауға болады. Түптің түбінде Алакөл Қазақстан туризмінің орталығына айналады. Амандық Баталовтың әуежайы сол арманымызды жақындата түсетініне сеніміміз зор.

Алматы облысының ауыл шаруашылығы саласы жайында әңгіме қозғағанда қант қызылшасы жайында айтпай кетуге болмайды. Соңғы жылдары өңірде қант қызылшасын өсіру көлемі күрт төмендеп, еліміздегі қант зауыттары сонау Латин Америкасынан қант қамысын тасымалдап әуреге түскенін білеміз. Иә, білетіндердің айтуынша, құрамының 95 пайызы қанттан тұратын қамыс құрағын көк теңіздің ар жағынан тасымалдап, қант өндіру тиімді екен. Иә, өнімділігі жағынан қант қамысы қант қызылшасына дес бермейтінін біз де білеміз. Сондықтан кәсіпкерлердің қант қамысына бүйрегі бұрып тұрады.

Ұзақ жылдар бойы Алматы облысының шаруалары еккен қант қызылшасының да өзіндік артықшылықтары бар. Қант қызылшасының қалдығы мал шаруашылығы үшін таптырмайтын азық. Сондықтан Амандық Баталовтың облыс еңбеккерлерін үйреншікті кәсібімен қайта қауыштыруға күш салуын оң шешім деп бағалауға болады.

Кез келген кәсіпкер мол өнім алып, мол пайдаға кенелуді көздейді. Ал әкім болса, бұл істе кешенді түрде ойлануы тиіс. Ертеңгі күні қант қамысынан қант өндіруге дағдыланған кәсіпорындар әлемде орын алған жағдайға байланысты елімізге қант қамысын жеткізе алмай қалса, талай адам жұмыссыз қалып, кәсіпорынның есігіне қара құлып салынатыны белгілі.

Бұдан кейін облыстың экономикасын дұрыс жоспарламаған әкім кінәлі болып шығатыны жасырын емес. Алматы облысында Амандық Баталовтың қант қызылшасы алқабының көлемін арттыру осындай қауіпті алдын алу үшін ойластырылған жоспарлы іс-шара деп бағалаған жөн. Бұл турасында әкім журналистермен кездесуінде былай деген еді:

– «Жетісу» ӘКК ҰК АҚ-ның қатысуымен француздық тұқым алынып, 6 сервистік-дайындау орталықтары құрылды, 1 млрд теңгеге жуық қаражатқа 161 ауыл шаруашылығы техникасы, соның ішінде қант қызылшасын тасымалдайтын 22 автомашина сатып алынды. Нәтижесінде 4020 гектарға қант қызылшасы себіліп, 5 мың адам, оның 215-і зауытта жұмыспен қамтылды. Жиналған 121,3 мың тонна тәтті түбірден 12 мың тонна қант өндірдік. Басқаша айтқанда, біз импорталмастыру жөніндегі жұмыстарды бастап кеттік, – дегені есімізде. Осылайша Алматы облысының әкімі 2020 жылға дейін өңірдегі қызылша алқаптарының көлемін 14 мың гектарға дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Бұл межеге қол жеткенде еліміз өзін қантпен толықтай қамтып, мыңдаған адамды жұмыспен қамтып, өзге де салаларға шарапатын тигізетіні анық.

Үш сала бойынша қолға алған істерді Баталовтың батыл бастамалары деп атауға толық негіз бар. Сондықтан жергілікті жердің қолайына жағатын дәстүрлі шаруашылықты дамытуға күш салған Амандық Ғаббасұлының іс-әрекеті өзге әріптестері үшін  үлгі боларлық іс деп есептейміз.

Нұрлан ЖҰМАҚАНОВ

(мақаланың басты фотосы “Караван” газетінің сайтынан алынған)