Елордада аурушаңдық 9,3%-ға төмендеген

Dalanews 31 қаң. 2020 09:55 217

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары  Бақтияр Мәкеннің төрағалық етуімен Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өткен жылды қорытындылауға арналған алқа отырысы өтті, – деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова елордадағы денсаулық сақтау саласының өткен жылдағы көрсеткіштеріне оң баға берді.

– 2018 жылмен салыстырғанда аурушаңдық 9,3%-ға, жалпы өлім-жітім 2,5%-ға төмендеді. Ана мен бала өлімінің айтарлықтай төмендеуі байқалады, бала туу көрсеткіші артты. Бұған қатерлі ісіктер кезінде медициналық көмек көрсетудің интеграцияланған моделін енгізу соңғы кезекте әсер еткен жоқ. Сондай-ақ, созылмалы аурулар кезінде емдеу мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету аталмыш көрсеткіштердің азаюына себеп болды. Нәтижесінде, туберкулезбен ауыру 8,3%-ға, туберкулезден өлім-жітім 54%-ға азайды. Балалар арасында туберкулезбен ауру 19%-ға төмендеді, – деді Сәуле Қисықова.

Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласында бастапқы санитарлық-медициналық көмекті көрсететін 31 ұйым жұмыс атқарады. 2019 жылы 12 «Қолжетімді дәрігер» жобасы, және «Көпбейінді медициналық орталығында» «Инсульт орталығы» ашылған болатын. 2018 жылмен салыстырғанда инсульт орталықтарында емделген адамдардың көрсеткіші көбейген.

Қазақстанда ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу алқа отырысында талқыланған маңызды тақырыптардың бірі болды. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысы МӘМС шетелдерде кеңінен қолданылатын озық тәжірибе екендігін, жүйенің біздің елде де жақсы нәтиже беретіндігін атап өтті.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 1 қаңтарда 1 162 878 астаналық емханаларға тіркелген. 2020 жылы МӘМС аясында 8,1 млрд теңге қарастырылған.

Отырыста сондай-ақ еліміздің денсаулық сақтау саласын кешенді дамытуға бағытталған «Денсаулық 2020-2025» бағдарламасы талқыланды. Қазақстандықтардың денсаулығын нығайту мақсатында медициналық мекемелер қызметінің нәтижелерін жақсарту қажеттілігімен қатар, аталған бағдарламада медицина қызметкерінің мәртебесін арттыруға және мамандар үшін халықаралық талаптар мен стандарттарға сәйкес жағдайлар жасауға үлкен көңіл бөлінеді.

Материалдық-техникалық базаны үнемі жаңартумен қатар, медицина ұйымдарының басшылары кадр тапшылығы мәселесін көтерді. Өткен жылы дәрігерлер тапшылығы 494 бірлікті құрады, оның ішінде мамандықтар бойынша: жалпы практика дәрігерлері – 107, педиатрлар – 36, терапевтер – 52, акушер-гинекологтар – 42, анестезиолог-реаниматологтар – 41, кардиологтар – 16, психиатрлар – 3, онкологтар – 16, неонатологтар – 28 және басқалар.

Осы мәселені шешу мақсатында 2019 жылы елордалық Денсаулық сақтау ұйымдарына 217 жас маман жұмысқа орналастырылды. Медицина кадрлардың тапшылығы 44%-ға төмендеді, оның ішінде жалпы практика дәрігерлері – 41%-ға, педиатрлар – 36,1%-ға, терапевтер – 42,3%-ға, акушер – гинекологтар – 69%-ға, анестезиолог-реаниматологтар – 22%-ға, кардиологтар – 56,3%-ға, неонатологтар – 3,6%-ға төмендеді.

Бахтияр Мәкен отырысқа қатысушыларды кадр тапшылығы мәселесін қарастырып, медициналық ұйымдары басшыларының осы мәселені шешуге атсалысу қажеттігін ескертті.

«Медициналық ұйымдардың басшылығы бұл мәселеге бей-жай қарамау қажет. Біз бірлесіп медициналық мекемелерге жас мамандарды тартудың жүйелі механизмдері мен әдістерін шешуіміз тиіс», –  деді ол.

Сөз соңында әкім орынбасары барлық медицина қызметкерлеріне халықпен кері байланыс жасап, сапалы қызмет көрсетуді тапсырды.

 

Тағыда оқыңыз:


https://dalanews.kz/49734

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x