Сонда олар қай уақытта сабақ оқиды?

Dalanews 21 қаз. 2017 03:53 150

Қала мен ауылдағы білім ошақтарына барып, қандайда бір мәдени іс-шараға қатыссаңыз оқушылардың КВН ойнап, айтысып жатқанының үстінен түсесіз. Қазір КВН-дағы әзілдер, айтыстағы орынсыз сындар мәдениеттің өлшеміне айналған.



Кейбір аудан әкімдері мәдениет үйлерін күрделі жөндеуден өткізгеннен гөрі КВН командасын ұстағанды жөн көреді.

Әкімдіктерді былай қойып, қазір әр мектептің өзінің КВН командасы бар. Мектеп оқушылары қысы-жазы ел аралап, арзан әзілдерін айтып жүргені. Сонда олар қай уақытта сабақ оқиды? Түсініксіз. Ең өкініштісі, мектеп директорларынан  «оқушылардың тәрбие жұмысы қалай жүріп жатыр?» деп сұрай қалсаңыз:

– Мектеп қабырғасынан құрылған «Қисықбай» деген КВН командамыз аудандық, республикалық жарыстарға қатысып, жүлдеді орындарға ие болды, – деп директор жорғалай жөнеледі.

Бұдан кейін «Екі жұлдыз» жобасы бойынша сайыс өткізіп, үздік жұптарды анықтағандарын мақтанышпен еске алатынын қайтесің.

Білім ордаларындағы «Екі жұлдыз» жобасының өзі тәрбиеге қайшы дүние емес пе? Байқаудың соңғы сынағында бірнеше жұп (балалар мен қыздар) ортаға шығып, жерде жатқан газеттердің аумағынан шықпай билеуі шарт. Әр әуен аяқталғанда газет бүктеле береді. Ең соңында жігіттер қыздарды құшақтап, көтеріп билейді. Осылайша газеттің үстінде бір-бірімен жанасып, ұзақ билеген жұп жеңімпаз атанады. Мұндайда оқушылардың ысқырығы мен айқай шу құлақты жарып жібере жаздайды («қызуқанды «публиканы» мектеп қабырғасынан дайындап жатырмыз ғой).

Мұны көргенде өзіңді түнгі клубтардағы кештерде жүргендей сезінесің.
Кейбір қыз балалар қысылып, биден бас тартуға тырысқанымен, еліріп алған балаларымыз өршеленіп, қызды қолынан түсірмей билейді. Осылайша газет үстінде билеген екі жас қара терге малшынады.

Бұдан кейін жеңімпаздарды марапаттау шарасы басталды. Соңында мектеп ішіндегі құрмет тақтасындағы  «Біздің мақтаныштармыз» деген жерге жұлдызды жұптың сайыс кезіндегі фотосы бір жыл бойы ілулі тұрады.

Ал осыдан тәрбиеге қатысты бір жайтты тауып көріңізші? Ештеңе жоқ. Қайта кері тәрбие беру байқайтын шығарсыз. Бесіктен белі шықпаған жастарды жыныстық қатынастарға итермелеп не табамыз? Бұл енді  «Екі жұлдыз» жобасының білім беру саласындағы жетілген түрі.

Жалпы сауықтық бағдарламадан мемлекетке қандайда бір келіп, кететін пайдасы бар ма? Біреулер айтуы мүмкін «КВН-щик жігіттеріміз ТМД елдері арасында көк байрағымызды көтеріп, елімізді әлемге танытып жүр» деп. Осы квншиктер сырт елдерге Қазақстанды келеке еткен әзілдерімен мемлекетімізді танытпай-ақ қойсыншы. Қазақстанды Бораттың мазақтағаны да жетер.

Содан кейін тәрбие ісіне жауапты жандардың бір-бірінің ауызына түкіріп қойғандай мынадай әңгіме айтатынын білетін шығарсыз?

"Жастардың қолы бос кезінде КВН ойнап, темекі шекпей арақ ішпей жаман қылықтан бойын аулақ салады", деп әңгіме айтатыны бар.

Меніңше осы "репликаны" қоятын кез жетті.  Сонда квнчиктердің бәрі өзін-өзі ұстай алмайтын адам болғаны ма? Қолы бос жастар КВН-мен айналыспаса темекі шігіп, ішкілікке салынып кетеді деген не сөз? Айналысам деген адамға шаруа көп емес пе?

КВН-ға қатысуышалыр ауырдың асты, жеңілдің үстімен жүруге бейімделгендер ғой. Олардың ыржалағынан мемлекетке бір тиында пайда жоқ. Ал мал бағып, шөп шауып, ғылыммен айналысқан жастардың мемлекетімізге мың сан пайда келтіреді.

Қайта  сабақтан қалып, КВН ойнап, той жағалағандар ішкілікке жақын болатынын естен шығармаған абзал. Сондықтан КВН жастарды жаман әдеттен аластатушы деп өзімізді алдамай-ақ қоялық. Қажет болса осы КВН-ді жаман қылықтардың қатарына жатқызып қоятын кез жетті.

Нұрлан Жұмахан


 

https://dalanews.kz/29622

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x