Сталин? Шоқаймен кездескен тұтқындар КСРО құлдығынан құтқаруды сұраған - тарихшы

Dalanews 04 мам. 2019 11:38 293

Гүлжаухар Көкебаева Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбына қатысты көп зерттеу жүргізген ғалым. Германия, Польша архивтерінде жұмыс істеген. Автордың мына мақаласы Сталин саясатының тағы бір сорақы тұсын әшкерелеп отыр.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистік тұтқынға түскен әр түрлі елдер өкілдерінің ішіндегі сан жағынан ең көбі – кеңестік тұтқындар.

Олардың жалпы саны – 5,7 миллион, соның 3,8 миллионы алғашқы айларда қолға түскен. Әрине, бұл жағдайды соғыстың тұтқиылдан басталуы іспетті сылтаулармен түсіндіруге болар еді.

Алайда соңғы жылдары белгілі болған мәліметтерге қарасаңыз, себеп әлдеқайда тереңде жатыр. Отызыншы жылдардағы жазалау Қызыл Армияның басшылық құрамын әбден-ақ жұтатып кеткен.

Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында командирлердің 7 процентінің ғана жоғары білімі болса, ал 37 проценті орта әскери білім де алмаған еді.


Жазалауға ұшыраған әскери мамандардың орнына бейбіт мамандық иелері шақырылған. Олар арнайы дайындықтан өтіп үлгермей-ақ соғыс басталып кетеді. Алғашқы күндері көптеген бөлімдер басшыларсыз қалып, топ-тобымен қоршауға түскен.

 Тұтқынға түскен кеңес әскерлерінің жағдайлары өте ауыр болғандықтан, олардың арасында өлгендер саны өте көп.

Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында немістердің қолына түскен ресейлік әскерлердің 5,4 проценті қаза тапса,

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде кеңестік тұтқындардың 58 проценті қайтыс болған. Бұл құбылыстың себебін де сталиндік тоталитарлық мемлекеттің саясатынан іздеу керек.


    Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде барлық соғысушы елдер 1907 жылы жасалған тұтқындардың құқықтарын белгілеген Гаага келісіміне сүйенеді.

Бұл келісім бойынша тұтқындардың тізімі отанына үнемі тапсырылып тұрады, Қызыл Крест қоғамына тұтқындар лагерьлерін аралап, жағдайларын білуге рұқсат беріледі, тұтқындар елінен сәлемдеме алуға, жағдайлары ауыр болса, шағым жасауға құқылы. Ресейлік тұтқындар осы құқықтардың барлығын пайдаланған.

Картинки по запросу сталин черчилль

1929 жылы Женевада соғыс тұтқындарының құқықтарын белгілеген жаңа келісім жасалады. Кеңес Одағы аталған келісімдерге қосылмаған. Ал фашистік Германия Женева келісіміне 1934 жылы қосылады.

Бұл келісімдердің мазмұны біздің халқымызға мүлде таныс емес еді, тұтқынға түскен кеңес әскерлері өздерінің қандай құқықтары бар екенін білген де жоқ. Әлбетте, фашистік Германияда Женева келісіміне қол қойған елдер тұтқындарының жағдайлары бірдей болмаған. Батыс елдерінің өкілдерімен салыстырғанда югославтар мен поляктардың жағдайы нашарлау еді. Алайда олар да өзі белгілі бір құқықтарды пайдаланады, Қызыл Крестен көмек алып отырады. Сондықтан жаппай қырылуға ұшыраған жоқ.

1941 жылы 17-шілдеде Кеңес Одағы швед үкіметі арқылы Гитлерге екі жақтың тұтқындарына қатысты мәселеде Гаага келісіміне сүйену туралы ұсыныс жасайды. Бұл ұсынысты алғашқы жеңістерге мастанған фашистік үкімет қабылдамайды.

Ал кейіннен кеңес тұтқынындағы немістердің саны көбейген кезде Германия екі жақтың Женева келісімін қолдануы туралы ұсыныс жасайды, бұл ұсынысты Сталин қабылдамайды.  

Кеңес үкіметі тұтқындағы өз азаматтарын қорғау орнына «сатқындар» деп айыптады.


1941 жылдың 16 тамызында КСРО Халық қорғанысы комиссарының кеңес әскерлеріне тұтқынға түспеуді бұйырған, ал тұтқынға түскендердің туған-туысқандары қудаланатындығы айтылған жарлығы шығады.

Көп ұзамай-ақ сол жылдың 8 қыркүйегінде фашистер де кеңестік тұтқындарға өте қатал қарау, аямау туралы бұйрық береді.

Бірде швейцариялық Қызыл Крест өкілі М.Жюно қатар тұрған ағылшын және кеңес тұтқындары лагерьлеріндегі тұрмыс жағдайлары арасында үлкен айырмашылық барын, кеңестік тұтқындардың азапты өмірін көріп, наразылық білдірген. Сонда лагерь коменданты Кеңес Одағының Женева келісімене қол қоймағанын тілге тиек етеді.

Осылайша, кеңес тұтқындары екі тоталитарлық мемлекеттік, екі диктатордың арасында жаншылып, отансыз, қорғансыз, мүсәпірлік жағдайға түседі.


Тұтқында болып, аман қалған Ф.Дуглас және Ф.Черонның Парижде жарық көрген естеліктерінен соғыстың алғашқы айларында фашистер кеңестік Азия өкілдеріне басқалардан гөрі қаталырақ қарағанын, соның салдарынан 1941 жылдың күзі – 1942 жылдың қысында Польша жеріндегі лагерьлерде болған 130 мың түркітектес тұтқындардың 122 мыңы қаза тапқаны туралы мәлімет кездестірдік.

Неміс зерттеушісі Г.Нойленнің айтуынша, Ченштохау лагерінде 1941 жылдың қараша айында 32 мың түркістандық болған, содан төрт айдың ішінде 262 адам ғана тірі қалған.


Бұл кездейсоқ құбылыс емес.

Х.Штрайттың зерттеуінде мынадай бір тың мәлімет берілген. Фашистік Германия Кеңес Одағына қарсы соғысқа қызу дайындық жүргізіп жатқан кезде болашақта қолға түсетін кеңестік әскерлерге қалай қарау керек екендігі туралы нұсқаулар берілген.

1941 жылдың мамырындағы нұсқауда кеңестік соғыс тұтқындарына өте сақтықпен қарау керек екендігін ескерте келіп, «әсіресе Қызыл армияның азиаттық өкілдері ерекше зұлым, бізге түсініксіз және сезімсіз адамдар» деп бағалаған.

Тұтқынға түскен түркістандықтардың көпшілігінің орыс тілін білмеуі де жағдайларын қиындата түскен.

Кеңестік тұтқындардың жағдайының соншалықты ауыр болуы оларды, әйтеуір тірі қалу үмітімен немістер құрған ұлттық құрамаларға кіруге итермелеуі мүмкін. Осы ұлттық құрамаларға жазылғандар Г.Нойленнің айтуынша 968 мың болған, соның ішінде түркістандықтар – 180 мың (түркістандық легионерлер саны шетелдік зерттеулерде әртүрлі мөлшерде көрсетіледі).

1941 жылы күзде кеңестік тұтқындар шоғырланған лагерьлерді аралап, тұтқындардың жағдайын, көңіл күйін байқау үшін құрылған Гайбель басқарған комиссияға Мұстафа Шоқаймен бірге татар, өзбек, тағы басқа халықтардың эмиграциядағы өкілдері кіргізіледі.


Солардың бірі доктор Ахмед Темірдің Еділ бойынан келген түркітектес және мордва, удмурт тұтқындарымен кездесулері туралы баяндамасының неміс тіліндегі нұсқасын пайдаланудың сәті түсті.

Осы баяндамада тұтқындардың көпшілігінің тоталитарлық жүйенің саясатына, отаршылдық бұғауға наразы екендігі көрсетіліп, олар өз халқының тәуелсіздігі үшін кеңестік отаршылдарға қарсы қолына қару алып күресуге дайын екендігі айтылған.

Демек, соғыс тұтқындарымен кездесу жалғыз Мұстафа Шоқайдың идеясы емес, кеңестік отаршылдық бұғауынан құтылуды аңсаған барлық халықтардың эмиграциядағы өкілдерінің әрекеті еді.

И.А. Дугастың айтуынша, ұлттық легионерлер құру туралы алғашқы құпия бұйрық 1941 жылы 30 желтоқсанда берілген (бұл кезде Шоқай қайтыс болған еді).

Бұл бұйрықтың берілуіне 1941 жылы күзде түрік генералы Эрклиттің Гитлермен кездесуі кезінде кеңестік түркітектес тұтқындардың жағдайын жеңілдету туралы жасаған өтініші. Осы бұйрық бойынша тұтқындардан үш легион – грузин, армян және Кавказ мұсылмандарының легионы құрылуы тиісті болған. Соның нәтижесінде алты бөлім – грузин, армян, әзірбайжан, Солтүстік Кавказ, Еділ татарлары және Түркістан легиондары құрылған.

Шығыс легиондарының әскери қуаты төмен, соғысқа жарамдылығы нашар болған. Оларға немістер де үнемі сенімсіздікпен қараған.

Курск иініндегі жеңілістен кейін  Гиммлер басты айыпкерлердің бірі ретінде Шығыс легиондарын атаған, олардың кеңес әскері жағына өтіп кеткенін мысалға келтірген.

Гитлер Шығыс легиондарының 80 мың адамын қарудан айырып, шахталарға ауыр жұмысқа салуға бұйрық берген. Көп ұзамай Шығыс легиондарын Батыс майданға ауыстыру басталған. Франция жеріне бірінші кезекті Түркістан және Кавказ легиондары жіберілген. Бұл жағдай фашистік Германияның Батыс майданындағы қолбасшылығына хабарланбай қалып, немістер легионерлерді келген бойда тұтқындап, қаруларын тартып алып, Атлантика бекінісінің құрылысына салған.

Соғыс тұтқындарының Кеңес Одағына қайтқаннан кейінгі тағдыры да өте ауыр болған. М.Геллер мен А.Некричтің Лондонда, Н.Толстойдың Парижде басылған зерттеулерінде мынадай мәліметтер берілген:

1943-47 жылдары Кеңес Одағына 5,5 млн-ға жуық соғыс тұтқыны мен Германияға жұмысқа айдалған азаматтар қайтарылған; солардың 20 проценті атылған немесе 25 жылға айдалған, ал 15-20 проценті 5-10 жылға лагерьге жіберіледі, 10 пайызы Сібірдің алыс аудандарына жер аударылады, 15 проценті соғыста қираған аудандарда ауыр жұмысқа салынады, 15-20 ғана туған жеріне оралады, бірақ оларға жұмысқа орналасуға тұтқын болған «айыбы» үнемі кедергі жасап отырған.

Ал 15-25 процентінің тағдыры белгісіз, мүмкін қашқан болар немесе түрмеде өлген болар.

Демек, соғыс тұтқындарын кеңестік «отаны» екі рет сатты. Әуелі неміс тұтқынында жүргенде қорғаудан бас тартты, ал кейін елге қайтқанда ауыр жазаға ұшыратты.

Dalanews.kz


 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x