Ердоған Назарбаевтың ақыл-кеңесіне мұхтаж. Ол кісі саясаттан алыстамайды - Haqqin.az

Dalanews 17 нау. 2022 15:22 136

Әзірбайжан басылымы Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевты айсбергке теңеді деп хабарлайды Dalanews.kz. 

"Назарбаев түріктің курорт қаласы Анталияға келді" деген тосын жаңалыққа таңырқап қалғанымыз рас. Қаңтар оқиғасынан кейін хабар-ошарсыз кеткен экс-президенттің Түркияға табан тіреуін сан-саққа жорығанымыз да өтірік емес.

Анадолы еліне астанадан ұшып келді ме, ал әулеттің негізгі өкілдері бас сауғалаған Дубай қаласынан жетті ме, ол жағы бізге беймәлім.

Белгілісі, Назарбаевты Түркия президенті Тайып Ердоған арнайы шақырған. Анталия қаласындағы дипломатиялық форумның қонағы болуды ұсынған. Бұл жайт түркітілдес масс-медианың назарынан тыс қалмапты.

Мәселен,  әзірбайжанның Haqqin.az басылымы Назарбаевты мұзтауға (айсбергке) теңеп, «оның әлемдік саясаттағы орны бөлек" деген сарында әңгіме қозғаған.

"Назарбаев? Ол халықаралық дәрежедегі саяси фигура. Ердоғанның санатындағы тұлғаларға сөзі өтетін санаулы адамның бірі. Үлкен саясаттағы мұзтау іспеттес. Әдетте айсбергтің тек 10 пайызы ғана су бетіне шығып жатады, өзгесі су астында жасырулы",


– дейді мақала авторы, халықаралық сарапшы Дмитрий Рой.

...

Түркітілдес ақпарат құралдары түнеукүнгі дүрбелеңді жіті бақылағаны, әрі өз бетінше зерттеу жүргізгені байқалады.

Әзірбайжан басылымының жазғанындай, Назарбаевты "құдай сақтап қалған". Қаңтардағы төңкеріс кезінде экс-президенттің отбасы мүшелері халықтың қаһарынан қорқып, едел-жедел шетел асқан. Отыз жыл ел билеген Назарбаев осы бір оқиға кезінде төбе көрсетуден қаймығып, талайға дейін үнсіздік сақтаған.

"Сексендегі, жасы жеткен адам мұндайды көтере алмай, жүректен кетуі де мүмкін. Назарбаевты қарғап-сілеген жұрт "шал кет!" деген ұранның төңірегіне топтасты. Отыз жыл ел билеген адамға мұның бәрін қабылдау оңайға соқпағаны анық.

Халық табандылық танытса, экс-президент жазадан қашып құтылмас еді. Алайда дәл осы сәтте Тоқаев қол ұшын созды. Қазақстанның қазіргі президенті мен экс-президенті сөз байласып, келісімге келді.


Келісімнің құны - Назарбаев билікті біржолата босатып берді, есесіне қудалаудан құтылды.

Осы күнге дейін оған адалдық сақтап келген Тоқаев Назарбаевтың саяси жүйедегі құзіретін толық шектеді. Әулетттің ықпалын әлсіретті.

Дәл қазір экс-президенттің елдегі саяси ахуалға әсер етер қауқары жоқ. Назарбаев өзі құрған партияны, Ассемблеяны Тоқаевқа табыстады, Қауіпсіздік кеңесіндегі орнын босатып берді. Қаңтардағы дүрбелең Назарбаевтың мызғымастай көрінген позициясын шатқаяқтатып кетті.

Ол құрған "Нұр Отан" қазір "Аманат" деп аталады. Халық экс-президенттің есімі әрі онымен байланысты дүниелерді біртіндеп ұмытып жатыр", – дейді әзірбайжан басылымы.

...

Мақала авторының пайымдауынша, халық Назарбаевпен сыбайлас адамдардың, соның ішінде отбасы мүшелерінің қолына кісен салынып, абақтыға қамалуын құптап отыр.

Айта кетелік, Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаев әулетінің капиталын халыққа қайтару науқаны басталып, отыз жыл ел билеген клан қаржылық әрі экономикалық ықпалынан толық айырылған.


"Оның жасындағы адам байлыққа қызыға қоймас. Ол осынау аласапыранда аман қалғанына шүкір дейді. Қазіргі президент экс-президенттің мұрасын ашық түрде табанға таптаған жоқ. Керісінше, Тұңғыш президент ретіндегі рөлін айрықша атап өтіп, оның еңбегі мен мұрасына объективті баға беру керектігін айтуда", – дейді әзірбайжандық әріптестер.

Мақала авторы осы орайда келесідей қызықты мәліметпен бөлісіпті.

"Тоқаев экс-президентті халықтың алдында ашық сынамаса да, биліктің өз ішіндегі отырыстарда Назарбаев кланын талқандау туралы бұйрық берген.

"Экономиканы әулеттен толық тазалау керек. Сол кезде саяси ықпалы да төмендейді. Назарбаев отбасымен ауыз жаласқан адамдар билікте отырмауы тиіс. Ал Нұрсұлтан Әбішұлына тимеңіздер. Оның халықаралық саясаттағы беделі мол, керек болады" депті-мыс Тоқаев. Күні кешегі құрықтаулар осы әңгіменің айтылған растап тұрғандай", – дейді мақала авторы.

...

Әзірбайжан басылымының жазғанындай Назарбаев Қазақстандағы ықпалын жоғалтқанмен, сыртқы саясаттағы абырой-беделін сақтап қалған. Халықаралық саясатта экс-президентпен санасатын аудиторияның ауқымы үлкен. Ол Қытайдың тілін таба білген санаулы басшылардың бірі. Түркі әлеміндегі байланыстарын да кәдеге асыруға болады.

Сөй деген Haqqin.az Назарбаевтың қолында өзімен істес болған ел басшыларының таным-талғамына қатысты аса құнды "мәлімет базасы" бар дейді. Өткен отыз жылда дүниенің түкпір-түкпірін шарлап шыққан ол әлемдік саясаттың ауанын күні бұрын болжай білетін қабілетке ие.

"Ердоғанның Назарбаевқа жүгінуі бекер емес. Түрік лидері Назарбаевтың ақыл-кеңесіне мұхтаж. Бәлкім, алдағы уақытта Нұрсұлтан Әбішұлына Түркі кеңесінің құрметті төрағасы деген атақ беріліп қалар.  Ердоған Назарбаевтың тәжірибесін барынша пайдаланғысы келеді. Қазақстанның экс-президенті ендігі өмірін осы іске арнайтын болар. Біз ол туралы әлі талай еститін боламыз", – деп түйіндеген екен мақала авторы.
...

Қаңтар оқиғасына дейін танымал режиссер Оливер Стоунмен сұхбат құрған Назарбаев ел басқарған жылдарды еске алып, өз-өзіне баға берген.



“Отыз жылда не тындырдыңыз? Назарбаев мұрасы деп ауыз толтырып айтуға тұрарлық қандай, нендей жетістігіңіз бар?” деп сауал қойған Стоунға:

“Біздің буын? Біздің буын Қазақстанның тәуелсіздігін жария етті. Біздің буынның тұсында Қазақстан егемен ел атанды. Атағы алты қырдан асып, алты құрлықты шарлады. Айналасы 20 жылда (1911-2011) экономика мен әлеуметтің әл-қуаты 10 есе өсті!

Жоқшылықты жеңдік. Кедейшіліктен арылдық. 1991 жылы жұрттың 47 пайызы ішерге асы, киерге киімі жоқ, шықпа жаным шықпа деп отырған шақ еді. Бүгін бұл көрсетішті 4 пайызға дейін төмендеттік.

Бүгін біздің ел нарықтық экономиканың негіздерін меңгерген, орташа өмір сүретін мемлекет. Біздің ел ешкіммен араз емес, осы күнге дейін ешкіммен жанжалдасқан жоқпыз. Тәуелсіздіктің отыз жылын тыныштық пен тұрақтылықта, ырыс пен ынтымақта қарсы алдық. Мінекей, дәл осындай Қазақстанды соңыма қалдырып барамын", – деп жауап қатқан еді экс-президент.

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x